Түркиялық дәрігерлер Алматыдағы балалар ауруханасына заманауи жабдық сыйлады

06.08.2026 16:33

Ақ халаттылар енді күйік шалған балаларды емдеу сапасы артатынын айтты

Түркиялық дәрігерлер Алматыдағы балалар ауруханасына заманауи жабдық тарту етті. Енді ауыр жарақат алып, күйік шалған жеткіншектерді емдеуде жаңа хирургиялық әдістер қолданылып, операциядан кейінгі оңалу мерзімі анағұрлым қысқарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығында күрделі күйік түрлерін емдеуге арналған халықаралық шеберлік сабақтары басталды. Оған Түркияның жетекші комбустиологтары мен балалар хирургтары арнайы келіп, әріптестерімен тәжірибе алмасуда.

Сондай-ақ шетелдік мамандар орталыққа жоғары технологиялық екі медициналық құрылғыны сыйға тартты.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл жабдық күрделі операцияларды дәл орындауға, тіндердің зақымдануын азайтуға және балалардың тезірек сауығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, күйіктен кейін тыртықтың аз қалуына оң әсер етеді.

«Бұл кісілер біздің ауруханаға өз елінен сыйлық ретінде екі жабдық әкелді. Олар - өте қымбат құрылғылар. Оның ішінде тері алуға, өңдеуге және созуға арналған жабдықтар бар. Сондай-ақ осы әріптестерімізбен бірге Орта Азия елдерінің қауымдастығын құрғымыз келеді», – деді Балаларға шұғыл медициналық жәрдем көрсету орталығының күйік шалу бөлімінің меңгерушісі Раджа Жұмаділдаев.

Шеберлік сабағының құрметті қонағы – Түркияның балалар хирургі, профессор Эмрах Шенел. Ол күйік жарақатын емдеу және реконструктивті хирургия саласындағы жетекші мамандардың бірі. Оның айтуынша, күйік денеге ғана емес, баланың психологиясына да ауыр із қалдырады. Сондықтан емдеу барысында жеткіншектің сыртқы келбетін мүмкіндігінше қалпына келтірумен қатар, оның өмір сапасын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінеді.

«Біздің мақсатымыз – бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Сол үшін бірнеше операция жоспарланған. Балалардың күйік шалу деректері бүкіл әлемде кездеседі. Мысалы, Түркияда да оның алдын алу оңай болмай отыр. Күйік денеде тыртық қалдырып қана қоймай, психологиялық жарақат та салады. Себебі әр тексеру кезінде бала күйік шалған сәтін еске алып, күйзелісті қайта бастан кешіреді», – деді Түркиядан келген балалар хирургі Эмрах Шенел.

Бес күнге жоспарланған шеберлік сабағында бауырлас елден келген ақ халаттылар терең күйіктерді емдеу, тері пластикасы және күйіктен кейінгі контрактураларды қалпына келтірудің заманауи тәсілдерін көрсетеді. Сондай-ақ күрделі клиникалық жағдайларды талдап, отандық мамандармен бірге бірнеше ота жасайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда еңбек ұжымдары Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға ниетті