Сот оған 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады
Түркістан облыстық Білім басқармасының бұрынғы басшысы 7 жарым жылға сотталды. Ол 67 млн теңгені алаяқтық жолмен алып, мектеп салған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша, заңсыз қаржыны иемденіп алыпты. Сондай-ақ бұл іске қатысы бар Тараз қаласының бұрынғы прокуроры да жазаланған. Тергеу барысында оның жәбірленушіні «алдап», 10 миллион теңгесін алғаны анықталды. Сот оған 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
«Ғалымжан Жұмашев түпкілікті 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Ол жәбірленушіге екі ай ішінде 67 млн теңге қайтаруға міндеттелсін. Шымкент қаласы, Абай ауданы, Достық шағынауданында орналасқан «Жаннұр» жалпы білім беретін мектебі мен жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылсын. Жұмашевтің мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айырылсын», – деді судья Самидин Темірәлиев.
Экс-шенеунік сот үкімімен мүлдем келіспеді. Ғалымжан Жұмашев апелляциялық шағым түсіретінін де жеткізді. Тіпті, сот залында «Қазақстан азаматтығынан бас тартамын!» - деген жазуы бар қағазды көрсетіп, наразылық білдірді.
«Менің қарызымды Эльмира Дүйсенқызы төледі. Ақшаны менің шотыма өзі аударды. Мен мемлекеттік қызметкермін, өзіме пара алдым деп ақша аударып отыратындай ақымақ емеспін! Егер заңсыз әрекет болса, оны банктен, не қолма-қол алар еді. Мен бұл істің соңына дейін барамын», – деді сотталушы Ғалымжан Жұмашев.
Оқи отырыңыз: Сайрам су өзенінен жүкті әйелдің мәйіті табылды