Кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған
Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Шаруа қожалықтың иесі жеке қаржысы есебінен 600 млн теңге инвестиция салып, форель, сазан, белый амур, бекіре балықтарын өсіруді қолға алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорын 2024 жылдың күзінде құрылып, 2025 жылдың шілде айында іске қосылды. Шаруашылықтың негізгі қызметі – балықты уылдырықтан бастап тауарлық өнімге дейін өсіру.
Өндірістік қуаты жылына 300 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алдағы жылы қызметкерлер санын 30 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Бүгінде балық шабақтары Өзбекстан Республикасынан, ал форель уылдырығы Польша және Дания мемлекеттерінен жеткізіледі. Ал балық азығына қажетті жем өнімдері Польшададан, Қырғызстаннан және Алматыдан арнайы тапсырыс арқылы алынады.
Қазіргі таңда шаруашылықтағы балық қоры 230 тоннаны құрайды. Оның ішінде 150 тонна сазан, 40 тонна форель, 30 тонна бекіре және 10 тонна ақ амур бар.
Алдағы уақытта еркін экономикалық аймақ аумағында отандық балық жемін өндіретін зауытты іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар форель уылдырығын жергілікті жерде өндіруді жолға қою арқылы шабақ өсіруден бастап дайын тауарлық балық өндіруге дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыру көзделіп отыр.
2025 жылы кәсіпорын балық шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін «Ең үздік балық өндіруші» дипломымен марапатталған.
Айта кетсек, облыс бойынша 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Ал биылғы жоспар 9 123 тонна болса, қазіргі таңда оның 3106 тоннасы орындалды.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға жұмысқа орналасу үшін қандай мүмкіндіктер қолжетімді