Биыл 9 айда туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылды
Түркістан облысында туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл саланы дамыту мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қадағалауында тұр. Жұмыстар нәтижесінде туристер ағыны артып, салаға тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірге 217 мыңға жуық турист келген. Оның 11 338-і шетелдік, 205 426-сы отандық турист. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,4 пайызға жоғары. Былтыр алты айда облысқа 151 мыңға жуық турист келген болатын. Саяхатшылардан түскен табыс та айтарлықтай өсіп, 6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі 4 млрд теңгемен салыстырғанда 147 пайыздық өсімді көрсетеді. Ал биыл 9 айда туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылды.
Түркістан қаласында да ауқымды туристік жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда аумағы 12 гектарды құрайтын, инвестициялық құны 10 млрд теңгелік ірі аквапарк кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бұл жоба қаладағы туристік қызмет түрлерін кеңейтіп, келушілерге арналған демалыс мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларды сақтау және туристік әлеуетін арттыру мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, жаңа демалыс орындарын қалыптастыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және экономикаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. Түркістан облысында тарихи-мәдени, зиярат ету, экологиялық және заманауи демалыс туризмін қатар дамыту жұмыстары жалғасады.
Оқи отырыңыз: Алматыда 32 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр