Түркістан облысында 22 кен өндірушінің келісімшарты тоқтатылды

06.08.2025 16:28

Заңсыз әрекеттер тыйылмай жатқан аумақтарда қадағалау күшейтілген

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері тыйылмай тұр. Нақтырақ айтсақ, өңірге қарасты Арыс, Отырар, Ордабасы, Сауран мен Кентауда заңбұзушылық жиілеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысындағы кен өндірушілердің көбі заң талаптарын сақтамайды. Сондықтан жыл басынан бері 22 кәсіпорынның келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылған. Жауаптылардың сөзінше, олар экологияға зиян келтіріп қана қоймай, жерді пайдаланып болған соң қараусыз тастап кететін көрінеді.

 «Жер қойнауын пайдаланушылардың тоқтатылған және пайдаланылмай жатқан кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың га жері мемлекет балансына қайтарылды. Енді алдағы кезде міндеттемелерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензиясының күші тоқтатылады», – деді Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а Қанат Шонбасов.

Түркістан облысында қазба байлықты игеріп жүрген кәсіпкерлер аз емес, шамамен 200-ге жуық. Бірақ солардың 10 пайызынан астамының келісімшарты биыл тоқтатылған. Мамандар бұл сан алдағы уақытта әлі де өсуі мүмкін деп отыр. Себебі өңір басшысы заңсыз қазба жүргізетіндерге қатаң талап қоюға көшкен.

«Облыс аумағында жер қойнауын заңсыз пайдаланбау үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты шаралар қабылдау қажет. Облыс аумағында орналасқан өзендердің және қазылған трансшеялардың космомониторинг түсіруі жасалып, ай сайын ақпарат енгізуді, пайдалы қазбаларды пайдаланушыларға тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізуді тапсырамын», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Айта кетейік, заңсыз әрекеттер тыйылмай жатқан аумақтарда қадағалау күшейтілген. Бұл үшін арнайы дрондар қолданылып жатыр. Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтардың видеолары полицияға тапсырылып, жүк көліктері айыптұраққа жөнелтіледі.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар айналымына бақылау күшейтілді