Түркістан облысында археологтар құнды жәдігер тапты

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет ғалымдары жүргізген барлау жұмыстары қола дәуірінің бірнеше қорымын ашты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қола дәуіріне тиесілі құнды жәдігер. Түркістан облысындағы Бөген су қоймасының тартылған ұлтанынан жауынгер сүйегі, оның қолданған заттары, алтын және қоладан жасалған әшекей, құмыралар табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаз айында судың азаюы археологтарға үлкен олжа сыйлады. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет ғалымдары жүргізген барлау жұмыстары қола дәуірінің бірнеше қорымын ашты. Соның ең құндысы – жасөспірім қыз таққан әшекейлер.

«Жасөспірім қыз киген бас киімнің бұйымдары, білезік, қыздың сырғалары және құмыра ыдыс табылды», – деді тарихшы-археолог Гүлмира Стамқұлова.

Сондай-ақ жерлеу орындарынан керамикалық ыдыс табылған. Ғалымдардың айтуынша, көзе деп аталатын ыдыстың сыртындағы ою-өрнектер бұл қорымдардың қола дәуіріне тиесілі екендігінін білдіреді.

«Судың төмен түсуі қойма астындағы бірнеше кезеңге жететін қорымдардың, қоныстардың ашылуымен ерекшеленді. Бұл жерде 2 палеолит, 4 кейінгі қола, 2 сақ-сармат-қаңлы кезеңіне тиесілі қорым ашылды», – деді Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығының бас қор сақтаушысы Бақытбек Батыржанұлы.

Бөген су қоймасының маңынан табылған жауынгер сүйегі де ерекше назарда. Оның жанындағы жебе ұштары, пышақ және құмыра алдағы уақытта мұражайға тапсырылмақ. Жергілікті билік те ғалымдарға қолдау көрсетіп отыр.

«Табылған бұйымдар алдағы уақытта Ордабасы аудандық қорық-мұражайына өткізіледі. Ғалымдарға сәттілік тілейміз. Алдағы уақытта тарихи бағасын алады деген ойдамыз», – деді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Ілияс Тұрнияз

Археологтар көктемнен қара күзге дейін қазба жұмыстарын жалғастырады. Зерттеу алдағы уақытта өзге де қоныстарда жүргізілмек.

Нұркен Әкімхан, Мақсат Күнібек, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Елімізде оқу бағдарламасына жасанды интеллект сабағы енгізіледі

Новости партнеров