Түркістан облысында артық жүкпен жолға шыққан көліктерге айыппұл салынды

22.08.2025 14:32

Көліктік бақылау бекеттері 1200-ден астам заңбұзушылықты тіркеген

Түркістан облысында заңды елемей, артық жүкпен жолға шығатын көліктер көбеймесе, азаяр емес. Жыл басталғалы көліктік бақылау бекеттері 1200-ден астам заңбұзушылықты тіркеген. Осыған байланысты жүргізушілер ғана емес, оларға көз жұма қараған басшылар да жауапкершілікке тартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Артық жүкпен жолға шығып, ережені елемейтін жүргізушілер қыруар айыппұл арқалап жатыр. Биылдың өзінде облыстағы 5 мыңнан астам көлік тексеріліп, 32 миллион теңгеге жуық жаза қолданылды. Өңірде тек артық салмақ емес, жолаушы мен тауарды заңсыз тасымалдау деректері де жетерлік.

«Жолаушылар мен багажды заңсыз тасымалдауды анықтау және тоқтату мақсатында13 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде,78 әкімшілік хаттама рәсімделді. Салынған айыппұлдың соммасы 1,8 млн теңге», – деді Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ербол Ахметов.

Жолдағы тәртіпті сақтау үшін биыл облыста 7 автоматтандырылған өлшеу құрылғысы қойылмақ. Оның екеуі қазір жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде 900-ге жуық заңсыздық анықталып, жарты миллионға жуық айыппұл салынды.

«Көлікке емес, соны кім беріп жатыр артығымен сол карьердың басшыларымен жұмыс жасау керек. Сонда бәрі ретке келетін болады.  Ешкім ешкімді шектейін деп жатқан жоқ, біреудің бизнесін тартып алу, болмаса жауып тастау. Барлығы жұмыс жасасын. Бірақ заң аясында жасасын», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Өңірде қазба орындарының жұмысы да тексеріліп жатыр. Әсіресе Сайрам, Түркістан мен Арыс аумақтарында жүргізілген бақылау барысында бірқатар заңсыздық анықталды. Ал салынған айыппұл көлемі 15 миллион теңгеден асып түскен.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматы алғаш рет Gran Fondo әлем чемпионатын өткізеді