Түркістан облысында ежелгі жауынгердің сүйектері табылды

19.06.2025 20:27

Обада жауынгердің семсері мен қанжары бірге жерленген

Түркістан облысында ежелгі жауынгердің сүйектері табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Археологиялық қазба жұмыстары Ордабасы ауданына қарасты Қылышжар қорымында жүргізілген. Мамандардың айтуынша, жерлеу тәсілі қаңлы кезеңіне тән. Адам сүйектерінен бөлек, обалардан жауынгердің семсері мен қанжары да табылыпты. Семсердің ұзындығы 1 метрден асады.

 «Бұл біздің заманымызға дейін 2-4 ғасырларға тиесілі дүниелер. Жерлеу орнының ерекшелігі, ғұрыптық  салты, ыдыстар қаңлы кезеңінде өте аз кездеседі. Сонымен қоса «хиджамада» қолданылған құрал болып есептелінеді. Жауынгер сол заманда емшілік қызметті атқаруы мүмкін», – деді ғылыми қызметкер Гүлмира Стамқұлова.  

Ғалымдардың сөзіне сенсек, ер адам 35-40 жас шамасында жерленген болуы мүмкін. Ал оның қаруы ғылыми тілде «акинак» деп аталады. Бұл – көне дәуір жауынгерлеріне тән семсер түрі.

Айта кетейік, соңғы 20-25 жылда өңірден ерекше жәдігерлер алғаш рет табылып отыр. Құнды мұра енді зерттеуге жолданады.

«Күлтөбе» қалашығы «Қылышжар» қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мақсаты – өңірімізден табылып жатқан заттарды, тарихымызды кең көлемде насихаттап, өңірлік мұражайларға барлығын тапсыру. Сол заттарды республикалық көлемде насихаттау», – деді  «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының кіші ғылыми қызметкері Қайырхан Шартақов.

Оқи отырыңыз: Астанадағы "Мыңжылдық" аллеясы қалай көркейеді