Кінәлі деп танылған екі азамат ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды
Түркістан облысында өткен жылдың қазан айында орын алған қайғылы оқиға бойынша сот шешімі шықты, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Төлеби ауданында 19 жастағы бозбаланың өмірін қиған қанды қылмысқа қатысты айыпталған екі азамат қатаң жазаға кесілді. Сот үкімімен Наурыз Оспанов кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы Дәурен Қабыл 15 жылға абақтыға жабылатын болды. Естеріңізге сала кетсек, жанжал көлікті тұрақтан алып тастау туралы талаптан басталып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелесті ажыратпақ болған Мағжан Бимырза жүрек тұсына салынған пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған еді. Оның ағасы Сұлтан Оразгелді де ауыр жараланған болатын.
«Азаматтық жауапкер Наурыз Оспановтан азаматтық талапкер Диас Абсаматұлының пайдасына моральдық шығын ретінде 15 миллион теңге өндірілсін. Сондай-ақ, азаматтық жауапкер Наурыз Оспановтан мемлекеттік баж салығы ретінде 2162 теңге өндірілсін», – деді Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғани Құлдасов.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар заңда белгіленген мерзімде шешімге шағым түсіруге құқылы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы