Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиға биыл қыркүйекте болған еді
Түркістан облысында қоғамда резонанс тудырған қылмыстық іске нүкте қойылды. Анасы мен қызын аяусыз өлтірген экс-мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үш айға созылған қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып, 29 жастағы ер адам кінәлі деп танылған.
Еске салайық, аталған жантүршігерлік жайт биыл қыркүйекте болған еді. Келес ауданындағы Амангелді ауылының тұрғыны 16 жастағы оқушыға хат жазып жүргені анықталып, кейіннен жұмыстан қуылған. Алайда қылмыскер көп ұзамай қыздан кек алмақ болады.
Оқушының үйіне түн ішінде басып кіріп, әуелі шырт ұйқыда жатқан анасын бақилық қылған ол артынша жас қызды зорламақ болып, күш қолданған. Өкінішке қарай, марқұмдардың екеуі де ауыр жарақаттан оқиға орнында тіл тартпай кетті.
"Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-5 тармақтарына сай жазасын толық қосу арқылы сотталушыға түпкілікті педогогика саласында және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.
Оқи отырыңыз: Науқастар сағаттап кезекте тұр: СҚО-да дәрігер тапшылығы мәселесі қалай шешілмек