Тергеу барысында олардың көрші елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды
ІІМ заңсыз көші-қон арналарының жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
11 қыркүйекте Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарында криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
"Топтың төрт негізгі ұйымдастырушысы мен олардың қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Тергеу барысында олардың көрші елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Өздерінің "қызметі" үшін күдіктілер әрбір мигранттан 500 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Жүргізілген тінту кезінде шетелдік паспорттар, жалған құжаттар, электронды тасымалдаушылар және байланыс құралдары тәркіленді.
Аталған дерек бойынша, Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша – Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Оқи отырыңыз: Астанада қызметтік ит жүргізушінің шұлығынан есірткі тапты