Түркістан облысында жаңа өнер мектебінің құрылысы басталады

Мемлекет басшысы заңсыз шығарылған активтерді жұрт мүддесіне жұмсауды  тапсырған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Заңсыз шығарылған активтер елдің игілігіне жұмсалмақ. Бүгінде арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жиналған. Түркістан облысында заңсыз активтер есебінен жаңа мектептің құрылысы басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Темірлан ауылындағы өнер мектебінің іргетасы 1974 жылы қаланған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар нысанның бүгінде әбден тозығы  жеткен. Әрі күрделі жөндеуге де жарамайды. Соған қарамастан жұмыс істеп тұрған орталықта бүгін 420 бала оқуға мәжбүр. Жағдай ескеріліп, мемлекетке қайтарылған қаражаттың 890 млн теңгесі дәл осы елдімекенге бөлінген. Аталған жоба аясында өңірде 300 орындық жаңа өнер мектебі салынбақ.

"Жаңа ғимарат салынып, ауылға көңіл бөлініп жатқанына қуаныштымыз. Түлек көбейеді деген ниеттеміз. Заманауи үлгіде жаңа білім базасы болса, аспаптарымыз жаңарса, үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз", – деді Өнер мектебінің мұғалімі Сәуле Әбішева.

Өнер мектебінде әртүрлі аспапта ойнайтын оқушылардан құралған арнайы ансамбль бар. Осының арқасында балалар ауданда, қалаларда  өнер көрсетіп жүр. Мектепте 12  үйірме де жұмыс істейді.

"9 сыныпта оқимын, аптасына 4 рет қобызға келемін. Домбыра тартамын, сурет саламын", – деді оқушы Айзере Кемеңгер.

Мемлекетке қайтарылған қаражаттың игілігін көретін өңірлердің бірі – Ақмола облысы. Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңгелік спорт нысаны салынып, ел игілігіне берілмек.

Айта кетейік, заңсыз шығарылған активтерді жұрт мүддесіне жұмсауды осыған дейін Мемлекет басшысы тапсырған.

Нұркен Әкімхан,  Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Елімізде ең ұзын көпір ашылды

Новости партнеров