Түркістан облысында бейнебақылау камерасының саны артады

25.07.2025 16:30

Алты айдың ішінде сол цифрлық бақылау жүйесінің көмегімен 227 қылмыстың беті ашылды

Түркістан облысындағы бейнебақылау камераларының саны артады. Жыл соңына дейін қалада қосымша 210 камера орнатылмақ. Қазір киелі шаһарда 2000-нан аса бейнежазба құрылғысы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетейік, небәрі 6 айдың ішінде сол цифрлық бақылау жүйесінің көмегімен 227 қылмыстың беті ашылды.

«Бүгінгі таңда аудан, қала әкімдіктері орнатқан бейнекамералардың жарамсызын жою және оларды алдағы уақытта қою бойынша нақты жоспар жасауға басқарма тарапынан аудит жүргізілуде. Ал жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды автоматты түрде тіркеу үшін 221 аппаратты бағдарлама кешені орнатылған», – деді Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының м.а Тұраби Ертай.

Өңірде қауіпсіздік шаралары қанша күшейтілсе де, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық азаймай тұр. Түркістан облысындағы 922 мемлекеттік мектепке 23 мыңнан астам бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Барлығы да дабыл беру жүйесімен толық жабдықталған. Соған қарамастан, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 56 қылмыс тіркелген.

 «Облыс көлемінде кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Алдағы уақытта құқықбұзушылықтарды болдырмау жұмыстарын жандандыру бойынша басқармаға жұмыс жүктеп отырмыз», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Оқи отырыңыз: Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды