Түркістан облысындағы Шұбарсу елдімекені көгілдір отынға қосылды

Бұл – өңірдегі ең ірі әрі халқы тығыз қоныстанған елдімекендердің бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысындағы Шұбарсу елдімекені көгілдір отынға қосылды. Ордабасы ауданында іске асып жатқан төрт кезеңді газдандыру жобасының кезекті бөлігі мәресіне жетті. Соның нәтижесінде 3 200-ден астам үйге табиғи газ кіріп, ауыл халқы қысқы тауқыметтен құтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шұбарсу – өңірдегі ең ірі әрі халқы тығыз қоныстанған елдімекендердің бірі. Осы күнге дейін ауыл халқы әр күз сайын тонналап көмір тасып, қыстың қамын күйттейтін. Көптен күткен табиғи газдың берілуі ауылдағы әр шаңырақтың күнделікті тұрмысын едәуір жеңілдетіп отыр.

«Ауылға газ келді, тауқыметтің бәрінен арылып, өте жақсы жағдайға жеттік деп ойлаймын. Қанша жыл көмір жағып келдік, оны жеткізу де қиыншылық туғызатын заман болған», – деді ауыл тұрғыны Мырзақұл Төлембай. 

 Отын-көмірдің әлегі өз алдына, пеш жағудың қаупі де аз болған жоқ. Әсіресе қыстың көзі қырауда көмірдің тапшылығы мен улы газдан улану қаупі ауыл жұртының басты уайымына айналып келген.

«Осы уақытқа дейін Шұбарсуда газ болмай, көмір жағып, қиындық болды. Көмір кейбіреулерге жетеді, кейбіріне жетпейді. Талай отбасылар уланып қалған жағдай да кездесті», – деді ауыл тұрғыны Есімхан Қаюпов

 Шұбарсуды газдандыру төрт кезеңге бөлінген. Құны 1 миллиард 400 миллион теңге болатын үшінші кезең аяқталып, жаңа магистральдар арқылы 3 мың 200-ден астам үй бірден табиғи отынға қосылды. Қазір қалған көшелерді қамтитын соңғы төртінші кезеңнің жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, басты талап – тұрғындардың қауіпсіздігі және жайлы өмір.

«Арнайы жасақ болады. Бір үйден газ исі шықса, бірден барады. Барлық қауіпсіздікті қорғаймыз. Әрбір тұрғын техникалық қауіпсіздік қатысты келісімшартқа қол қояды.  жасалады. Жергілікті мамандарды дайындап жатырмыз», – деді мердігер мекеме директоры Дәулет Исмайлов.   

Жоба аясында ауылды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ұзындығы 19 шақырым құбыр салынды. Соңғы кезең толық аяқталғанда, елдімекендегі 15 мыңнан астам абонент түгелдей көгілдір отынмен қамтылады.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тетіктері жетілдіріледі