Түркістан облысында 2 бала суға батып кетті

03.06.2026 15:47

Іздестіру жұмыстарын жүргізген 73 құтқарушы екі баланың жансыз денесін тек бір тәуліктен кейін судан алып шыққан

Түркістан облысының Келес ауданында 2 бала суға батып кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қайғылы оқиға Еңбекші ауылында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 13 жастағы жасөспірім мен 6 жастағы жеткіншек Ошақты суару каналына құлап, қатты ағыс оларды алып кеткен. Қайғылы жағдай болған уақытта балалардың жанында үлкендер болмаған. Іздестіру жұмыстарын жүргізген 73 құтқарушы екі баланың жансыз денесін тек бір тәуліктен кейін судан алып шыққан. Жергілікті полиция оқиғаның мәнжайын анықтап жатыр.

«Түркістан облысында 2026 жылдың басынан суға кету жазатайым оқиғаларына қатысты 16 дерек тіркелген. Оның ішінде 12 жас бала. Осыған байланысты Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарына жас балаларды үлкендердің қарауынсыз суға жібермеуді сұранамыз», – деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Фуркат Жолдасов.

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: жастар арасында зиянды әдеттермен күрес қалай жүріп жатыр