Түркістан облысының тұрғындары ауыз суға зәру

08.08.2025 18:42

Шардара су қоймасындағы су деңгейі биыл қалыпты межеден төмен

Түркістан облысындағы су тапшылығы мәселесіне Үкімет деңгейінде назар аударылып отыр. Шардара қоймасындағы судың азаюы бірқатар елдімекен мен ауыл шаруашылығы нысандарына әсер еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шардара су қоймасындағы су деңгейі биыл қалыпты межеден төмен. Бұл жағдай аудандағы бірнеше елдімекен мен егіс алқаптарына кері әсер етті. Көпқабатты тұрғын үйлерге су жетпей, жұрт тіршілік нәрін әкімдік орнатқан осындай бөшкелерден алып, тұтынуға мәжбүр.

Ауыз су тапшылығының алдын алу үшін жедел штаб құрылғанын айта кетейік. Қазір Шардара ауданында 28 арнайы су жинау ыдысы қойылып, 10 техника тәулік бойы үйлерге су тасып жүр.

«Бірінші қабатқа су келіп тұр. Бүкіл тұрғын үйге арнайы бір кісіні белгіліп қойған. Сол кісі сумен қамтамасыз етіп отыр», – деді Шардара қаласының тұрғыны Раушан Қалжігітова.

Мамандардың сөзінше, Шардарада ғана емес, облыс көлемінде судың келуі былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға төмен. Оның тек 7 пайызы Шардара су қоймасына тиесілі. Қазір қала сыртынан екі ұңғыма қазылып, су шыға бастады. Жауаптылар әзірге 85 көпқабатты үй мен жеке секторды қамтуға жеткілікті екенін айтты.

«Оларға тәулігіне тұтынатын суды құбырмен жеткізіп отырмыз. Екінші сорғының жұмыстарын аятаймыз. Қала толық сумен қамтамасыз етілетін болады», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Сарапшылардың айтуынша, бұл – уақытша шешім. Өкініштісі, су тапшылығы алдағы жылдары қайталануы мүмкін. Сондықтан жаңа жоба дайындап, су үнемдеудің тиімді жолын қарастыру – әлі де күн тәртібіндегі мәселе.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматы облысында өрт сөндіру бекетінің құрылысы салынып жатыр