Түркістан өңірінде ауқымды интернет жобасы іске қосылды

21.10.2026 16:38

Алғашқы 26 ауылға желі тартылып жатыр

Almaty.tv

Жасанды интеллект пен жаңа технология қарыштаған заманда, ауыл тұрғындары әлі де байланысқа жете алмай келеді. Түркістан өңіріндегі кейбір елдімекендерде интернеттің әлсіздігі сонша, жарық сөнсе желі мүлде жоғалады. Осы мәселені түбегейлі жою үшін 69 мыңнан астам тұрғын үйді қамтитын ауқымды жоба басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ержан Оңғарбеков – математика пәнінің мұғалімі. Ұстаз үшін қазір күрделі теңдеуді шешуден гөрі, күнделікке баға қою қиын екен. Әлсіз байланыстың кесірінен жүйе қатып, жұмыс тұралап қалады. Ал біліктілік курстары мен онлайн сабақ туралы айтудың өзі артық.

«Жылдамдықтың төмендігінен онлайн сабақ өте алмай жатырмыз. Қатыса алмай жатырмыз. Интернет көтере алмайды», – деді мұғалім Ержан Оңғарбеков.

Бәйдібек ауданындағы Шалдар ауылында жүзден астам отбасы тұрады. Осы уақытқа дейін мұндағы интернет жылдамдығы секундына небәрі 8 мегабиттен аспаған. Яғни бір мезетте бірнеше адам қосылса, байланыс мүлде тоқтайды. Енді бұл мәселе түбегейлі шешілмек. Мамандар бір аптадан бері әрбір үйге жеке талшықты-оптикалық кабель жүргізіп жатыр.

«Жарық өшіп қалған күннің өзінде үйге кішігірім генератор қойсаңыз да интернет жұмысын жалғастыра береді. Ұялы телефон операторлардың, спутниктің байланыстардың барлығы электр жарығы болмаған кезде жұмысын тоқтатады. Ал мұнда керісінше», – деді ақпараттық қауіпсіздік, байланыс маманы Сейсенғали Астанбаев.

Бәйдібек ауданындағы 13 елдімекенге оптика тартылып, алдымен мектептер мен емханалар қосылған. Енді сол желі тікелей тұрғын үйлерге кіргізіліп жатыр. Жоба жетекшілері ауылдық жерлерге қалалықтардың өзінде сирек кездесетін заманауи технология енгізіліп жатқанын айтады.

«Замануи Джипон технологиясы қаладағы үйлерде де жоқ. Бірақ қазір ауыл тұрғындарына оған қосылу мүмкіндігі туып отыр», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Қазір алғашқы 26 ауылға желі тартылып жатыр. Қалған елдімекендер бойынша конкурс жыл соңына дейін жарияланады. Жалпы жоспарға сәйкес, өңірдегі 212 ауыл немесе 69 мыңнан астам тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет игілігін көрмек.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Шекарадағы жаңа мүмкіндіктер: Қазақстан көрші елдермен кедендік келісімдерді ратификациялады

Толық көрсету