Түркістанда 6 айлық бала терезеден құлап, мерт болды

24.08.2025 12:56

Қазақстанда жыл басынан бері 179 бала көпқабатты тұрғын үй терезесінен құлап кеткен

Аlmaty.tv

Түркістан облысында 6 айлық бала терезеден құлап, мерт болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті терезеге бекітпе салу туралы айтылғанымен, бұған немқұрайлы қарап жатқандар бар дейді. Ал жаңадан салынып, қолдануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің терезесіне бекітпе салу құрылыс компанияларына міндеттелгенін айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

26 шілде күні болған қайғылы оқиғадан ауыр жарқат салдарынан 6 айлық бала көз жұмды. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Асылбек Ақылбекұлы мәлім етті.

«Жоғарыда айтылған жағдайлардың алдын алу мақсатында департаментпен баланың қауіпсіздігі бойынша біршама іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, биыл 12 маусым күні комиссия отырысында терезе алдындағы қауіпсіздік ережелері тақырыбы талқыланып, біршама тапсырма берілген болатын. Сонымен қатар ағымдағы жылдың наурызынан бастап бала қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жүргізілуде», - деді Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Асылбек Ақылбекұлы.

Асылбек Ақылбекұлының сөзінше, қауіпсіздік шараларын сақтау ісіне еріктілер тартылған. Олардың көмегімен және кәсіпкерлердің демеушілігімен көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын әлеуметтік осал топтағы отбасылардың пәтер терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылған. Төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын сақтау туралы айтылып, ескертулер жасалып жатқанымен, бұған немқұрайлы қарайтындар да бар екенін жеткізді.

«Қазір Түркістан қаласында жаңадан салынып, қабылданып жатқан үйлердегі терезелерге бекітпе орнату туралы берілді. Ол тек екінші қабатында емес, барлық қабатында болы тиіс. Елімізде терезеден құлау бойынша 179 жағдай тіркелген, ауыр жарақат алып жатқандар да бар. Ондай бекітпелер кез келген салынып жатқан ғиматтарға салынады», - деді Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкіліАсылбек Ақылбекұлы.

Қазақстанда жыл басынан бері 179 бала көпқабатты тұрғын үй терезесінен құлап кеткен. Олардың 32-сі мерт болған, қалғаны түрлі дене жарақатын алып аман қалған. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан екені көрсетілген.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында тауға шықпақ болған 6 туристке құтқарушылар көмек көрсетті