Түркістанда еуропалық үлгідегі қос қабатты туристік автобустар іске қосылды

26.06.2026 20:58

Биылғы бес айдың өзінде киелі өңірге 143 мыңнан астам турист келген

Түркістанда туристік инфрақұрылым жаңарып, жаңа сервистер іске қосылып жатыр. Соның нәтижесінде келушілер саны да артып келеді. Биылғы бес айдың өзінде киелі өңірге 143 мыңнан астам турист келген. Оның 32 мыңға жуығы – шетелдік қонақтар. Қазір қалада еуропа стиліндегі ерекше қос қабатты қызыл автобустар іске қосылып, саяхатшылар үшін заманауи туристік пакеттер әзірленуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл – жай қоғамдық көлік емес, экскурсиялық автобус. Маршрут халықаралық әуежайдан басталып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен сарай, Этноауыл, Ботаникалық бақ және өзге де нысандарды қамтиды. Жолаушылар билетті QR арқылы рәсімдеп, үш тілді аудиогид қызметін пайдалана алады.

      «Әйелім, балаларыммен келдім. Барлық мүмкіншілік жасалып жатыр. Басқа қаладан да, басқа мемлекеттен де туристерді келіп көруге шақырамын», – деді турист Аманжол Әбдіхамитұлы.

Автобус әр 15–20 минут сайын қатынайды. Арнайы қосымша арқылы оның қозғалысын онлайн бақылауға болады. Сонымен қатар туристер үшін бірнеше нысанды қамтитын арнайы пакеттер ұсынылады.

«Осы жерден туристеріміз келіп мінеді. Туристердің келуші қонақтардың сұранысына қарай, сол бағытта алып жүреді. Белгіленген бағыт сұранысқа қарай өзгеріп отыра береді», – деді қалалық туризм бөлімінің бас маманы Жанат Шораева.

Туристерге қолайлы жағдай жасаумен қатар өңірдің туристік әлеуетін арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Түркістанның туристік даму тұжырымдамасы да жаңартылуда. Мақсат – өңірдің туристік имиджін күшейтіп, жаңа туристік бағыттарды дамыту.

«Туристтерге ыңғайлы орта жасау, туристтердің, жаяу жүргіншілердің және басқа маршруттарды ашу, электрокарлармен жүретін жерлерді ыңғайлы етіп маршруттарын ашу бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Оны жандандыру мәселесі бар. Қолданыстағы парктердің өзін туристтерді тарту мақсатында қызықты етуді ойластырып жатырмыз», – деді Түркістан облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов.

Бүгінде өңірде 11 туроператор, 45 туристік агенттік және 43 сертификатталған гид қызмет көрсетеді. Түркістан халықаралық әуежайы арқылы 9 бағытқа тұрақты рейс орындалады. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 36 миллиард теңгеден асып, екі есеге ұлғайған.

Нұркен Әкімхан, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: Алматыда мемлекеттік қызметшілердің құқығы қалай қорғалып жатыр