Түркістанда газ баллондарын пайдаланатын 72 нысан анықталды

21.01.2026 15:43

Мамандар кәсіпкерлерге ескерту жасалды

Түркістанда газ баллондарын пайдаланатын 70-тен аса нысан анықталған. Ал облыс бойынша жыл басынан бері қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтамаудың соңы бірнеше қайғылы жағдайға ұласқаны белгілі. Құтқару қызметі тұрғын үйлердегі тамақтану орындарын тексеріп, кәсіпкерлерге ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Рухани шаһардағы дәмхананың біразы әлі күнге дейін пропан газ баллондарын қолданып отыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан мұндай нысандар барша тұрғын үшін қауіпті. Сондықтан бұл талап заңмен шектелген. Соған қарамастан, жаңа қала аумағындағы кейбір кәсіпкерлік нысандар электр пештерінің орнына газ баллондарын пайдалануды жөн көрген.

«Бұл – үлкен 50 литрлік газ баллонның редукторы. Қазір Түркістан қаласында газ құю станциялары жоқ. Газ баллондарын жанармай стансасынан толтырып алады, бүл талаптарға сәйкес келмейді», – деді қалалық газ инспекциясың басшысы Әлмұхамбет Айменов

Қала бойынша газ баллондарын пайдаланатын 72 нысан анықталған. Рейд барысында 21 тамақтану орны тексеріліп, оның жетеуінен баллондар табылды. Оны мамандар қауіпсіз аймаққа шығарып, кәсіпкерлерге ескерту жасалды. Талап орындалмаса, айыппұл салынбақ.

«Газ баллонын пайдаланатын тұрғындарға, нысан егелеріне, кәсіп жүргізіп жатқан іскер азаматтарға газ баллондарының қандай қауіпті жағдайға алып келетінін, оны рұқсат етілмеген жерде сақтауға болмайтынын, азаматтарға түсіндірдік. Екі үш күннен кейін бұл рейд жұмыстары қайта жүргізіледі. Егер ескерту орындалмаса, кәсіпкерлер айыппұл арқалайды», – деді қалалық ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Кенжебаев.

Қысқы маусым басталғалы газ жарылысына қатысты оқиғалар жиілеген. Оның басым бөлігі тамақтану орындарында тіркелген. Адам өлімі де бар. Сондықтан құтқарушылар газ қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда халықаралық есірткі айналымын ұйымдастырған студент сотталды