Түркістанда жасанды жаңбыр технологиясы іске қосылды

19.05.2026 14:33

Жасанды жаңбыр жауғызу үшін ең алдымен, аспанда қолайлы бұлт болуы шарт

Түркістанда жасанды жаңбыр технологиясы ресми түрде іске қосылды. Өңірдегі құрғақшылық пен ағын су тапшылығын түбегейлі шешетін бұл бірегей жоба — Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен бастама, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жасанды жаңбыр жауғызу үшін ең алдымен, аспанда қолайлы бұлт болуы шарт. Сондықтан метеорологтар ауа райын секунд сайын жіті бақылап, ең қолайлы сәтті күтеді. Сосын арнайы жасақталған ұшақтар көкке көтеріліп, бұлттардың арасына табиғи тұз реагенттерін шашады. Мамандардың айтуынша, бұл технологияның табиғатқа ешқандай зияны жоқ.

«Реагенттің негізгі құрамы – натрий хлориді, яғни кәдімгі өзіміз тұтынатын ас тұзы. Сондықтан экологиялық тұрғыдан мүлдем қауіпсіз. Ұшқыштар бұлттың астына воронка тәрізді бағытпен кіріп, қоспаны сеуіп өтеді. Нәтижесінде реагенттер бұлттың ауқымын 10 шақырымға дейін үлкейтеді», – деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова.

Бұл әдіс өңірдегі жылдық жауын-шашын деңгейін 20 пайызға дейін арттыруға қауқарлы. Мұндай озық тәжірибе АҚШ, Қытай, БАӘ және Франция сияқты алпауыт елдерде бұрыннан қолданылады. Ал Орталық Азия бойынша бұл жоба тұңғыш рет Түркістан облысында сынақтан өтіп жатыр. Мақсат – өңірдегі су қоймаларын толтырып, диқандарды құрғақшылық қыспағынан құтқару.

«Бұл ауқымды бастаманың Қазақстанда іске қосылғанына өте қуаныштымыз. Тәжірибені Түркістанда енгізу үшін ұзақ уақыт зерттеу жүргізіліп, жергілікті климаттық ерекшеліктер ескерілді. Жобаға метеорологтар, инженерлер мен білікті ұшқыштар жұмылдырылған. Егер Түркістандағы нәтиже сәтті болса, технологияны Қазақстанның су тапшылығын сезініп отырған өзге де аймақтарына енгізуге болады», – деді БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті Абдулла Ахмед Әл-Мандус.

Технологияның қолданылу радиусы 5 шақырымнан аспайды. Сондықтан ол аймақтың ауа райын күрт өзгертіп, толассыз нөсер тудырмайды. Яғни, сел немесе тасқын қаупі мүлдем жоқ. Жауын тек алдын ала есептелген нақты ауыл шаруашылығы алқаптарына ғана бағытталады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз:  Жүйелі шаралар мен атаулы қолдау: Алматыда NEET-жастар саны азайды