Түркістандағы әскери бөлімде 6 тіл білетін сарбаз қызмет етіп жүр

Шахбоз Сатыбалдиев әскер қатарына Астана қаласынан шақыртылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістандағы әскери бөлімде 6 тіл білетін сарбаз қызмет етіп жүр. Шахбоз Сатыбалдиев қазақ, өзбек, тәжік, түрік, кәріс және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, әрбір тілді меңгеру арқылы ол сол халықтың мәдениеті мен болмысын тереңірек түсінуге тырысқан. Қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген сарбазбен Almaty.TV тілшісі тілдесіп келді.  

Шахбоз Сатыбалдиев әскер қатарына Астана қаласынан шақыртылған. Ұлты тәжік болса да, қазақ тілі мен тарихын жетік меңгеріпті. Медициналық колледжді тәмамдаған соң, тіл үйренуге зейін қойған ол «Әскер қатарында жүріп, бұл қабілетімді одан әрі дамытуға мүмкіндік алдым» дейді.

«Мен әскери қызметтен соң оқуымды жалғастырып, заңгер болып, басқа тілдерді меңгергім келеді. Дипломатия жағынан басқа елдерге Қазақстан құқықтарын және Қазақстанның дамуы үшін өз қызметімді тигізуді қалаймын», - деді сарбаз Шахбоз Сатыбалдиев.

Түркістан қаласына әлемнің әр түкпірінен келетін турист көп. Шахбоз Сатыбалдиев қазір көне шаһарға келушілерге жол көрсетеді. Себебі бұл бөлімнің сарбаздары қаланың орталығындағы аумақтарда қоғамдық тәртіпті күзетеді екен.

«Бізден басқа адамдар, басқа ұлт өкілдері көмек сұрап жатады. Сол кезде біз 2-3 тіл білсек, бұл жігіт жан-жақты 6-7 тіл біледі. Соның тіл білгендігі басқа адамдарға көмек көрсеткенде пайдасы тиеді», - деді сарбаз Бейбарыс Бақытжанұлы.

Жауынгердің ерекше қабілеті мен әскери тәртіпке деген жауапкершілігі ұжым ішінде жоғары бағаланып отыр. Айта кетейік, 5574 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл басынан бері Түркістан қаласында 300-ден астам құқық бұзушыны анықтапты.

«Әскери бөлімде 200-ден астам сарбаз бар. Олар күнделікті қызмет атқаруға дайындалады. Әскери бөлімде жауынгерлік сабақтан өтеді. Және мемлекеттік құқық дайындығы сабағын өткіземіз. Бос уақытында сарбаздар өзімізде ашылған кітапханада кітап оқиды», - деді № 5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары Спандияр Жолаев.

Әскери бөлімнің ашылғанына бір жарым жылдан асқан. Қазір мұндағы сарбаздар күні-түні кірпік қақпай, рухани қаланың қауіпсіздігін күзетіп жүр. Аталған жауынгерлер қоғамның тыныштығын бақылаумен қатар, ұсақ құқықбұзушылықтарды анықтап, түрлі қылмыстың алдын алады.

Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Қарулы күштер – тәуелсіз елдің қорғаны: Алматыда мерекелік концерт өтті

Новости партнеров