Облыс полицейлері қыздың ата-анасын кінәлап отыр
Түркістан облысында немересімен жасты қызды зорлаған қарияның ісі бойынша тағы бір шындықтың беті ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, Келес аудандық полициясы бұл қылмыс туралы бірнеше ай бұрын білген, бірақ ешқандай нақты әрекет жасамаған. Керісінше, істі жауып, заңсыз есептен шығарып тастапты. Алайда облыс полицейлері бұған қыздың ата-анасын кінәлап отыр.
«2025 жылдың қыс айында жас қыз Астана қаласындағы медициналық мекемеде босанған. Осы факт бойынша жасөспірімнің өзі және анасы оның жас жігітпен өзара келісім бойынша байланыста болғанын айтып, тергеу барысын жаңылыстырғаны анықталды. Осылайша, олар арыз жазудан және сараптама жүргізуден бас тартқан», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске салсақ, Түркістан облысында 70 жастағы зейнеткер 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынған еді. Ең сорақысы, айыпталушы жеткіншектің туысқан атасы болып шыққан. Өзге емес, өз ағайынынан жәбір көрген оқушы болған жайтты босанғанға дейін ешкімге айтпапты. Ал ата-анасы қыздарының жүкті екенін жеті айында бір-ақ білген екен.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 70 жастағы қария жасөспірім қызды зорлаған