Елімізде бұл статусты Тараз қаласы ғана иемденген
Әлем қолөнершілері Түркістанда бас қосты. Мақсат – Түркістанға халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін беру, деп Almaty.tv хабарлайды тілшісі.
Келелі басқосуға 19 елден 30-ға жуық қолөнер шебері қатысты. Тіпті мұхит асып, Америка, Аустралия, Жаңа Зеландия және Тайландтан да мамандар келген. Олар Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, өңірдің жас қолөнершілерінің қолынан шыққан туындыларды тамашалады. Оларды ағаштан жасалған және тігіншілер тіккен бұйымдар тәнті етіпті.
"Біз тарихы тереңде жатқан қаладағы шеберлердің жұмысын көруге арнайы келдік. Оқушылар үйінің жұмысымен де таныстық. Жұмыстар өте керемет. Түркістан – халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алуға әбден лайық", – деді «Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілері» дүниежүзілік кеңесінің президенті Азиз Мұртазаев.
Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы атанғалы, қалаға келушілердің де саны артып келеді. Шаһар қонақтары көне мекеннің иісі сіңген қолөнер бұйымын өзімен арқалай кететіні анық. Ал «халықаралық қолөнершілер» қаласы мәртебесін беру – шеберханасын ашып, кәсібімен күнелтіп отырған шеберлер үшін үлкен мүмкіндік.
"Тараз – дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне кірген Қазақстандағы ең алғашқы және жалғыз қала. Үлкен жолда кетіп бара жатып, Түркістанға кіріп, тағзым еттік. Болашақта комиссия келіп, аккредитациядан өткізеді. Қазақстандағы Тараздан кейін екінші қала болады деп ниетеніп келдік", – деді «Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнершілері» дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев.
Айта кетейік, қолөнершілерді қолдау мақсатында облыс орталығында «Қолөнершілер қалашығы» туристік кешені салынып жатыр. Аталған нысан келешекте арнайы көрме залы, саялы бақ, шығыс базары, мейрамханалар мен қонақ үйі бар алып орталыққа айналмақ. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Нұркен Әкімхан, Түркістан
Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлерді қолдау: мемлекеттен қаржылай көмек қашан беріледі