Түркістанның тыныштығын 5 өңірдің полицейлері күзетеді

14.05.2026 20:52

Жедел басқару орталығы бейнебақылау жүйелері арқылы қауіпсіздікті тәулік бойы бақылап отырады

Түркі елдері ұйымының бейресми саммиті кезінде Түркістанның тыныштығын 5 бірдей өңірдің полицейлері күзетеді. Рухани астанадағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қала көшелерінде жаяу және автопатрульдер көбейген. Сондай-ақ, жедел басқару орталығы бейнебақылау жүйелері арқылы қауіпсіздікті тәулік бойы бақылап отырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Түркістанның төрінде ертең түбі бір түркі елдерінің Президенттері бас қосады. Бейресми саммиттің басты тақырыбы – Жасанды интеллект және цифрлық даму. Күллі әлем тың технологиялар дәуіріне аяқ басып, цифрландырудың жаңа кезеңіне көшкенде бұл мәселенің талқылануы кездейсоқ емес. Ал саммиттің Түркістанда өтуі де символикалық маңызға ие. Әуелі, бұл киелі шаһар – түркі халықтарының тарихи байланысын айқындайтын мәдени орталық. Одан бөлек, өңір халықаралық дипломатиялық кездесулер өтетін стратегиялық алаң ретінде де танылып келеді. Сондай-ақ алқалы жиынның қарсаңында рухани астана өзгеше кейіпке енді. Келбеті көз тартар киелі мекеннің тұрғындары да бұған дән риза.

«Қала адам танымастай өзгерді, қуаныштымыз. Күнделікті қыдыратын жер, баратын жер көп. Енді аузымызды толтырып, мақтанып айта аламыз. Халыққа жұмыс та көбейді. Жастар үлкен қалаларға қарай ұмтылатын ед, осында қалуға болады», – деді қала тұрғыны.¤

Бейресми саммит арнайы салынған алып киіз үйде өтеді. Ғимарат 2 жарым айда бой көтерген. Оған 700-дей жұмысшы мен 100-ге жуық техника жұмылдырылыпты. Одан бөлек, Түркістанға тоқтаған кез келген мейманның көзіне түсетін «Тайқазан»” орнатылған. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, сәулеттік нысанның тұғырына түркі елдерінің белгілері ай мен күн арнайы бедерленген.

«Ортасында үлкен киіз үй тұр. Оның диаметрі 31 метр, биіктігі 16 метр.Бұл кешен Қазақстан Республикасының картасында отыр. Биіктен қарасаңыздар, бұл жаңағы 8,6 гектар жерде орналасқан және де сол 8,6 гектар жерде толығымен Қазақстан картасымен үлкен саябақ түскен. Сол саябақтың ортасында киіз үй кешені орналастырылды», – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов.

Саммит бейресми болғанымен, оның саяси астары терең. Алдымен, мұндай жиынның біздің елде өтуі Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтереді. Екіншіден, цифрлық экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, біз жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуетімізді толық көрсете аламыз.

Айта кетейік, жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтілуде.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы, Түркістаннан

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы БҰҰ аясындағы "Zero Waste" жобасына қолдау білдірді