Түрлі-түсті шам, аниматорлар мен әсем әуен: Алматыда безендіру жұмыстары аяқталды

19.12.2025 21:02

Қаланың 8 бірдей ауданында бір мезетте шырша шамдары жағылды

Алматы жарқырай түсті. Қаланың 8 бірдей ауданында бір мезетте шырша шамдары жағылды. Салтанатты рәсімді тамашалауға жиналған тұрғындар үшін мерекелік концерт те ұйымдастырылды. Ертегі әлемінің кейіпкерлері халықтың көңілін көтеріп, Аяз ата мен Ақшақар балаларға сыйлық үлестірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрлі-түсті шамдар, балалардың жарқын күлкісі, аниматорлар мен әсем әуен. Қала көшелеріндегі осындай көріністен жаңа жылдың таяп қалғанын аңғару қиын емес. Ал күні кеше 8 ауданда бір мезетте шырша шамдары жанды. Жапалақтап жауған қарға қарамастан іс-шараны тамашалауға келген халықтың қарасы көп болды.

«Қалада бүкіл шырша бір мезгілде жанды. Қала бойынша 50-ден астам шырша болса, ауданымызда оннан астам 20 метрлік шырша орнатылды», – деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Алмалы ауданындағы іс-шара да бар сән-салтанатымен өтті. «Жігіттер» квартеті бастаған өнер майталмандары ән шырқап, Ақша қар мен Аяз ата барлық баланы жинап, түрлі ойын ойнатты.

«Өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Балаларға ұнады. Алпысқа жуық аяз атаның түрін көрдік. Рақмет!» – деді қала тұрғыны.

«Жаңа жыл қызықты болып жатыр. Маған өте қатты ұнады. Жаңа жылды жақсы қарсы алыңыздар!» – деді қала тұрғыны.

Жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайтын шырша мерекесі әрбір ауданда жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қала басшылығы шаһардың безендіру жұмыстары толық аяқталғанын және жаңа жылға жүз пайыз дайын екенін мәлімдеді.

Асыл Махметов, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: ІІМ жаңажылдық шыршаға байланысты ескерту жасады