Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 9 жыл күйеуінің тепкісіне шыдаған келіншек дағдарыс орталығына тұрып жатыр

16.06.2026 19:17

Алматыда биыл отбасылық жанжалға қатысты 6 жарым мыңға жуық дерек тіркелген

Алматыда биыл отбасылық жанжалға қатысты 6 жарым мыңға жуық дерек тіркелген. Құқық бұзған 433 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналатындардың көбі – әйелдер мен балалар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бұл – 34 жастағы шымкенттік әйел, төрт баланың анасы. Тоғыз жыл бойы күйеуінің тепкісіне шыдап келген. Ол тұрмысқа шыққанда сүйіп қосылған жарынан ажыраймын деп ойламаған да еді. Десе де шарасы қалмаған әйел екі кенже ұлын жетектеп, Алматыдағы дағдарыс орталықтарының біріне көмек сұрап келген. «Ел қатарлы тамақ ішіп, түнде тыныш ұйықтаудан қалдым» деп мұңын шақты келіншек. Сөзінше, бұрынғы күйеуі өзімен қоймай, балаларына да қол көтеріп, тыным бермейтін күнге жетіпті.

«Әйел адам ұрғанға да үйреніп қалады. Сені кемсітіп, қорлап жатса да, көніп, кәдімгідей үйреніп қаласың. Мен іздене бастадым, балаға дұрыс тәрбие беру керек екенін түсінгенде  ол кісіден кетем деп шешім қабылдадым», – деді жәбірленуші.

Дағдарыс орталығына 9 жылдың ішінде 3 мыңнан астам адам көмек сұрап келіпті. Бұл жер жақындарынан жәбір көрген жандардың уақытша баспанасына айналған. Мұндағы мамандар 6 мыңнан астам психологиялық, 3 мыңға тарта заңгерлік кеңес берген. Қазір орталықта 45 адам бар, оның 15-і келіншек болса, 14 жасқа дейінгі балалар саны 30.

«Адам орталыққа жүгінген кезде алдымен медициналық мамандардың тексеруінен өтеді. Қажет болған жағдайда емдеу мекемесіне жіберіледі. Бізде әйелдер мен балаларға арналған еңбек терапиясы бағдарламасы бар. Арнайы маман оларды тігін тігуге, маникюр жасауға, шам дайындауға және басқа да шағын қолөнер түрлеріне үйретеді. Мұның барлығы әйелдердің психологиялық тұрғыдан қалпына келуіне, өзіне деген сенімін қайта қалыптастыруына көмектеседі. Болашақта осы дағдылардың арқасында жеке кәсібін ашып немесе қосымша табыс табуына мүмкіндік туады», – деді психолог Бостан Касимова.

Жыл басынан бері қалалық полиция департаментіне отбасылық жанжал бойынша 6 мыңнан аса ақпарат келіп түскен. Мамандардың айтуынша, құқықбұзушы азамат 30 күн бойы есепте тұрады.

Айта кету керек, Полиция департаменті биыл 10-ға жуық оперативті профилактикалық шара өткізген.

«Профилактикалық жұмыстар тікелей нақты есепте тұрған азаматтармен жүргізіледі. Үйіне барып, тұрмыстық жағдайын тексереміз, бір жанжал болғаннан кейін, егер қайталанса, жауапкершілікке тартамыз. Күдікті немесе құқықбұзушы тұлғаны ішкі істер басқармасына жеткіземіз. Ал жәбірленушіге психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеміз», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы ¤Тимур Ноғайбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2024 жылы «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойған болатын. Қаулы күшіне енген соң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Яғни, бұдан кейін ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақаты қылмыс деп танылды. Бұл әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстен Қылмыстық кодекске қайта енгізіліп, жаза қатаңдатылған болатын.

Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматылық құтқарушылар суға батып бара жатқан әйелді аман алып қалды