Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түсетін шағымдар 20 пайызға азайған

23.07.2026 14:58

Мамандардың айтуынша, заңнамалық реформалар мен мобильді топтардың жүйелі жұмысы нәтижесін бере бастады

Тұрмыстық зорлық-зомбылық кенеттен болмайды, ол – жылдар бойы жиналатын созылмалы кесел. Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін қоғамдық қор сарапшылары бас қосып, өңірлердегі нақты 1500 өтініш пен 28 қылмыстық іске жасалған талдауын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына арада айлар, тіпті жылдар өткенде ғана көмекке жүгінеді. Басқосуда заңгерлер жүйедегі осы олқылықтарды жойып, зардап шеккендерге тегін құқықтық көмек аясын кеңейтуді ұсынды.

«Жыл сайын 2 мың адам хабарласады, оның ішінен жоқ дегенде 40-50 қылмыстық істерде жәбірленушілердің құқығын қорғаймыз. Өзекті мәселелердің бірі – балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық. Еліміз бойынша 160 отбасын қолдау орталығы ашылды. Тегін заңгерлік, психологиялық қолдау көрсететін орталықтар көп. 10 жыл бұрын болмаған орталықтар қазір бар. Дағдарыс орталықтары 50-ден асты», – деді қоғамдық қор басшысы Ләззәт Рақышева.

Мамандардың айтуынша, заңнамалық реформалар мен мобильді топтардың жүйелі жұмысы нәтижесін бере бастады. Ақпараттық-түсіндіру шаралары мен жедел желілердің арқасында жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылық бойынша түскен хабарламалар 20 пайыз азайған. Сарапшылар тұрмыстық агрессорлармен психологиялық жұмысты күшейтіп, профилактиканы әр шаңыраққа жеткізу – зорлық-зомбылықсыз қоғамның кепілі болатынын айтты.

«Не себепті тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп тұр? Себебі көп отбасылар бұл туралы айтпайды, айтуға намыстанады. Иә, көп әйелдер ол туралы айтпайды.  Зорлық көрген, мектептегі буллингке ұшыраған балалардың өздері айтпайды. Бұл туралы айту керек, бұл туралы қоғам білуі керек. Сондықтан әрбір отбасында, әрбір шаңырақты осы отбасының қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыра алсақ, бізде ілгерілеу болады», – деді Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева.

Оқи отырыңыз: Сақ болыңыз: алаяқтар қай купюраны қолдан жасайды