Жыл басынан бері жауапты ведомство мамандары 7 мыңнан астам тексеру жүргізген
Сауда саласында заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге 200 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жыл басынан бері жауапты ведомство мамандары 7 мыңнан астам тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 800-ден астам қауіпті өнім партиясы саудадан алынып, тексерістен өтпеген 600-ге жуық таразы секілді өлшеу құралдары анықталды.
Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғылар көрсеткішті қате көрсеткен. Ал өткен айда дәл осындай заңбұзушылық Абай облысындағы әскери нысандардың бірінен анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылған.
«Тексеру барысында Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заң талаптарының сақталмағаны анықталды. Тексеру нәтижесі бойынша біздің департаментке ұсыныс енгізілді. Соның негізінде заңды тұлғаға 994 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ нұсқама беріліп, анықталған 106 заңбұзушылықты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Қасымов.
Сонымен қатар қазір мемлекеттік органдар жасанды интеллект, алаяқтықтан қорғау, туризм және қызмет көрсету салаларына арналған жаңа стандарттарды әзірлеуге басымдық беріп отыр. Бұдан бөлек, тауарларды сертификаттау жүйесі толық цифрландырылды. Енді барлық рәсім арнайы жүйе арқылы электронды форматта жүргізіледі. Айта кетейік, биылғы алғашқы жартыжылдықта Еуразиялық экономикалық одақ елдері атынан заңсыз рәсімделген мыңға жуық жалған сертификат анықталған.
«Мониторинг барысында заң талаптарын бұзған 76 сайтты анықтадық. Олардың барлығы бірден бұғатталды. Сондай-ақ бірқатар өнімнің қауіпсіздігі талапқа сай тексерілгенін растайтын құжаттары жоқ болып шықты. Ал мұндай құжаттар өнімді сатуға шығарудың міндетті талабы саналады. Сондықтан олардың күші жойылды», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Қасымов.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр