Тышқан қаптап кетті: Атырау облысының үш ауылында мектеп, балабақша жабылды

24.11.2025 14:57

Ұл-қыздарының денсаулығына алаңдаған ата-аналар балаларын қаладағы туыстарының үйіне жіберуге мәжбүр

Атырау облысының үш ауылында тышқан қаптап, балалар мектепке, бөбектер балабақшаға бара алмай қалды. Қазір бұл нысандар уақытша жабық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жанұшыра көмек сұраған жұрт бірнеше күннен бері қаптаған тышқанмен арпалысып әлек. Жыбырлаған зиянкес тіпті азық -түліктің түгін қалдырмаған. Жұрт індет тарап, ауру өрши ме деп қорқып отыр. Тұрғындардың айтуынша, өз күштерімен у сеуіп, алдын алғанымен күресу мүмкін емес.

«У әкелдік, оған да қарап жатқан тышқан жоқ. Кішкентай қызым қорқады. Таңға дейін ұйықтамай тышқаннан қорғап отырамыз. Өйткені тышқандар жататын көрпе-көпшікке дейін тіпті астымызға дейін өрмелеп шығады», – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Әзиза Мақатова.

Кеміргіштер мектеп пен балабақшада да толып жүр. Қазір әлеуметтік маңызы бар нысандарда жұмыс уақытша тоқтаған. Ал ұл-қыздарының денсаулығына алаңдаған ата-аналар балаларын қаладағы туыстарының үйіне жіберуге мәжбүр.

«Балалардың төсегінің арасынан шыққандары бар. Үстерінде жүреді. Мына жағында біз тамақ пісіріп жатырмыз. Ол жағын да арамдап жатыр. Мынау егерде баланы тістесе, бір тышқаннан ауру шықса бәрімізді жамандыққа апарады», – деді Талдыкөл балабақшасының қызметкері Қарлығаш Рысқалиева.

Ал өңірдің бас ұстазы Марат Әбуовтың сөзінше, қазір барлық білім беру ұйымына толық дезинфекциялау, деротизациялау жұмыстары жүріп жатыр.

«Улау жұмыстары 3-4 күн тұруы керек. Содан кейін қайтадан тазалаймыз. Мектеп дайын болған уақытта ашамыз», – деді Атырау облысы білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Шенеуніктердің айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Ауланған кеміргіштерден сынама алынған. Белгілі болғандай ауру белгісі жоқ. Қазір тышқан қаптаған тұрғын үйлер мен білім беру ошақтарында улау  жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Сонымен қоса кеміргіштерге қарсы бидайға аралас дәрі де тұрғындарға таратылды.

«Ауылдан ауланған тышқандар арнайы зертханаға тапсырылып, талдаудан өткізілді. Әзірге ешқандай қауіпті ауру түрлері анықталған жоқ. Шағым түскен Бейбарыс және Талдыкөл ауылындағы тұрғындарға мыңға жуық кеміргішке қарсы дәрі таратылды. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеу және балалардың денсаулығын қорғау мақсатында бірқатар алдын алу шаралары қабылданды», – делінген Махамбет аудандық әкімдігінің хабарламасында.

Жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар ауру таралмай ауылды каратинге жабу керек екенін айтты.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Ақылды шлагбаум: Астанада 5 сынып оқушысы жобасын таныстырды