600-ге жуық талапкер 130 балдан жоғары нәтижеге жеткен
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, биыл 210 мыңнан астам талапкер сынаққа қатысқан. Тестілеудің орташа көрсеткіші – 69 балл болса, ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл межені Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек алғашқы аптада бағындырды. Ал 600-ге жуық талапкер 130 балдан жоғары нәтижеге жеткен екен.
Еске сала кетейік, биыл оқушыларға тестілеуді екі мәрте тапсыру мүмкіндігі берілді. Грант конкурсына қатысу үшін тек үздік нәтиже ғана есепке алынады. ҰБТ кезінде тәртіпке бағынбаған түлектер де болған. Биыл ереже бұзған 711 талапкердің нәтижесі жойылған. Көбіне оқушылардың смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққап алып кіру деректері тіркелген. Апелляцияға онлайн түрде 92 мыңнан астам өтініш түсіп, нәтижесінде 104 сұраққа түзету енгізілді. Қазір жоғары оқу орындарының білім беру гранттарына өтініш қабылдау жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: 10 мыңнан аса талапкер грант конкурсына қатысу үшін құжат тапсырды