Баспана - талапкерге JUZ40 орталығы ұсынған ірі сыйақылардың бірі
Биылғы ҰБТ-да алғашқы абсолютті нәтиже тіркелді. Тараз қаласының тумасы Нұрғанат Қанат тестілеуден ең жоғары 140 балл жинады. Енді ол өзі білім алған JUZ40 орталығының уәдесі бойынша ірі сыйақылардың бірін таңдай алады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нұрғанат Қанат тестілеуге жүйелі түрде дайындалып, әр пән бойынша нақты жоспармен жұмыс істеген. Ол «ҰБТ-дан максималды балл жинау - бір күннің емес, ұзақ дайындықтың жемісі» деп атап өтті.
JUZ40 орталығы өкілдерінің айтуынша, оқушылардың білім деңгейі тұрақты бақылауда болады. Әр талапкердің әлсіз тұстары анықталып, соған сай жеке бағыт беріледі. Мұндағы ұжым тек тест сұрақтарын жаттатумен шектелмей, оқушының уақытты тиімді пайдалануына, жауапкершілігі мен психологиялық дайындығына да мән береді. Білім беру орталығының негізін қалаушы «жоғары нәтиже ең алдымен тәртіп, тұрақтылық және дұрыс әдістеменің үйлесуінен қалыптасады» дейді.
«Жыл сайын грант саны азаюда және де конкуренция дамып жатыр. Сондықтан да оқушыларға ең бірінші мамандықты дұрыс таңдап, соған сай пәнге ертерек дайындықты бастау керек деп ойлаймын. 10-11-сынып, яғни екі жыл дайындалған оқушыларда жақсы нәтиже шығады. Егер 10-шы сыныпта дайындықтан кеш қалып қойса, 11-ші сыныпта да шілде, тамыздан дайындықты бастаған дұрыс. Тыңғылықты жоспармен дайындалатын болса және де қадағалаумен, тәртіппен дайындалса барлығы жақсы болады деп ойлаймын», – деді JUZ40 білім беру орталығының негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева.
Нұрғанаттың жетістігімен қатар, оған берілетін сыйақы да қоғам назарын аударды. Білім орталығы алдын ала жариялаған уәдесіне сай, 140 балл жинаған оқушыға үш таңдаудың бірін ұсынады. Ол – бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық. Сонымен қатар жас талапкерге төрт жыл көлемінде ай сайын 140 мың теңге шәкіртақы төленбек. Ата-анасына да бөлек сыйақы қарастырылған. Орталық қызметкерлері мұндай қолдау – білімге ұмтылған жастарды ынталандыру және үздік еңбектің бағаланатынын көрсету деп түсіндірді. Ал Нұрғанаттың таңдауы Астана қаласындағы бизнес-класс пәтерге түсті.
«Дайындық кезінде прогресстер мен регресстерге ие болды. Дегенмен, басты мақсат – 140 балл болғандықтан жетістікке жеткенде де немесе салым суға кеткен кезде де берілмей, дисциплинаны ұстау маңызды болды. Осы қағида мені жеңіске жеткізді деп санаймын. Биыл мектеп бітіруші түлек болғандықтан мамандығым анық. Ол – халықаралық қатынастар өкілі атану. Дипломатия саласы. Университетке келетін болсақ, Астана қаласында орналасқан Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетті таңдаймын», – деді 140 балл иегері Нұрғанат Қанат
Нұрғанат бұл нәтижеге отбасының қолдауы, ұстаздарының сенімі және өзінің күнделікті еңбегі арқылы жеткенін айтады."Биыл тестілеуге қатысуға өтініш берген түлектер саны көп, ал ҰБТ әлі де жалғасып жатыр.
Ал сала мамандары жоғары балл алуды мақсат еткен оқушылар үшін басты талап – соңғы күнге дейін дайындықты тоқтатпау, қобалжымай және өз мүмкіндігіне сену керек екенін айтты.
Айжан Дайрабай, Хангелді Ахметханов