ҰБТ: елімізде 268 мыңға жуық тест тапсырылды

24.06.2025 14:26

Тестке қатысу үшін 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш түскен

Биыл 16 мамырдан басталған негізгі ҰБТ барысында 268 мыңға жуық тест тапсырылды. Ресми мәліметке сүйенсек, талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілін, 26 пайызы орыс тілін, ал 221 адам ағылшын тілін таңдаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бес пән бойынша орташа балл 66 болса, талапкерлердің 70 пайызы шекті межеден жоғары ұпай жинаған. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, бұл көрсеткішке Түркістан облысының түлегі Әбілхан Жәнібек бірінші аптада қол жеткізді.

Айта кетейік, тестке қатысу үшін 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш түскен.

«Еліміз бойынша Ұлттық біріңғай тестілеу 16 мамырдан басталды, 7 шілдеге дейін жалғасын табады.  Ұлттық бірыңғай тестілеудің бір ерекшелігі - мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатысуға мүмкіндік бар. Яғни, тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндігі бар. Қалаған нәтижесімен мемлекеттік білім беру конкурсына қатыса алады», – деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.

Сондай-ақ бес апта ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 423 ереже бұзушылық анықталған. Ал 210 талапкер тыйым салынған заттармен кірмек болғаны үшін сынақтан шеттетіліпті. Тағы 212 адам тест кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған.

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: Алматыда заң бұзушылықпен күрес пен құқықтық көмек апталығы өтіп жатыр