ҰБТ-ға дайындаймыз: «Tesla Education» оқу орталығы ата-аналардың ақшасын қайтармай отыр

18.11.2025 19:41

Оқу орталығының бір филиалы Астананың қақ төріндегі бизнес орталығынан жалға алған офис құнын төлемеген

«Астана мен Алматыда бірнеше филиалы бар оқу орталығы бізді сан соқтырып кетті» деп мыңға тарта ата-ана шу шығарды. Білім ордасының басшысы бүгін ортақ чатқа компанияның дағдарысқа ұшырағанын айтып, орталықтың жабылатыны туралы хат жазған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астанадағы бір топ ата-ана күтпеген жайтқа тап болды. Бірі ұлына, енді бірі қызына сапалы білім беріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау үшін миллиондаған қаржы құйып оқытып жүргенде орталықтың басшысынан келген хат оларды есеңгіретіп тастағанын айтты. Орталықтың негізін қалаушы Айдос Сексенәлі деген азамат компанияның дағдарысқа ұшырағанын, сол үшін жабылатынын айтып хабарлама жазған. Ал ата-аналардың қоңырауына, жазған хатына директор де, менеджерлер де жауап бермеген.

«Барлық клиент алдындағы міндеттемелердің толық орындалатынын ресми мәлімдеймін. Өтпей қалған сабақтар үшін барлық қаражат түгел қайтарылады. Бұл процесс біраз уақытты талап етеді. Бірақ әр тиынның толық көлемде қайтарылуына өзім жауап беремін. Ешкім ескерусіз қалмайды. Қаражатты қайтару процесін бақылауды жеңілдету мақсатында біз клиенттер үшін ашық хабарландыру жүйесін және жеке кестелер дайындаймыз», – деді  «Tesla Education» негізін қалаушы Айдос Сексенәлі.

Астаналық Лилия Ахмедова оныншы сыныптағы қызын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау үшін орталықпен он үшінші қараша күні келісімшартқа отырған. Айтуынша, білім ордасының менеджері соңғы екі орын қалғанын айтып, қолма-қол ақша төлесеңіз жеңілдік береміз деп асықтырған көрінеді.  Лилия Ахмедова қызым дайындыққа бар болғаны екі рет қана барды деп отыр.

«Қонаев 2 мекен жайындағы офисте Бауыржан деген менеджер 2-ақ орын қалғанын айтты. Егер оқу ақысын қолма-қол төлейтін болсаңыз, жеңілдікпен бір жылға 810 мың теңгеге төлейсіз деді. Тіпті үш айға дейін үзіліс ала алсыздар деп сендірді. Сондықтан қолдағы ақшамызды бердік», – деді қала тұрғыны Лилия Ахмедова

«Балам бірде-бір рет дайындыққа барған жоқ. Мен 570 мың теңге төледім. Өйткені, менеджер маған алты айдың ақшасын төлесеңіз, үш ай тегін оқисыздар деді. Сөзіне сеніп, бар ақшаны төледім», – деді қала тұрғыны Наталья Кошкина.

Оқу орталығының бір филиалы Астананың қақ төріндегі бизнес орталығына екі ай бұрын көшіп келген. Нысан әкімшілігі орталықтың қызметкерлері кеше түске дейін жұмыста болғанын айтады. Түс ауа олар ғимараттан шығып кетіп, қайта оралмаған. Тіпті офисті жалға алу құнын төлемей кеткен.

Алданып қалдық деген ата-аналар әділдік іздеп прокуратураға арыз жазуға барды. Құзырлы органдардан іс қозғап, кінәлілерді жауапқа тартып, ақшаны қайтарып беруді талап етті.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматының Түрксіб ауданында 6100 оқушы орны мен балабақшада 260 орын ашылады