Мамандардың мәліметінше сынақ кезінде Алматыда 40 құқықбұзушылық анықталған
Елімізде қаңтарда Ұлттық бірыңғай тестін тапсырған талапкерлердің басым бөлігі шекті балды еңсерді. Емтиханға республика бойынша 184 мың абитурент қатысса, оның 26 мыңнан астамы – алматылық оқушылар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мамандардың мәліметінше сынақ кезінде Алматыда 40 құқықбұзушылық анықталған. Тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасағаны үшін 22 адам тестілеуден шеттетіліп, тағы 17 талапкер ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған. Сондай-ақ бейнежазбаларды тексеру нәтижесінде бір сертификаттың күші жойылған.
«Қазақстан бойынша ерекше білім беру қажеттілігі бар 446 адам тест тапсырды. Ал Алматы қаласы бойынша ерекше білім беру қажеттілі 61 талапкер болды. Оларға қосымша 40 минут беріледі», – деді «Ұлттық тестілеу орталығы» Алматы қалалық филиалының басшысы Жұмабике Сұлтанова.
Ал жасөспірімдер психологы Фатима Броева күн тәртібін реттеп, ұйқының қанық болуына көңіл бөлуді, тыныс алу жаттығуын орындап, дайындық барысында қысқа уақыт үзіліс жасап отыруды ұсынды. Сондай-ақ жасөспірімдер ҰБТ-ны өміріндегі маңызды белес сияқты қабылдап, болашағын жиі сонымен байланыстырып жатады. Сондықтан психолог «сынаққа дайындық кезін адамның мінез-құлқы сынға түсетін уақыт деуге де болады» дейді.
«Ұзаққа созылған күйзеліс зейіннің төмендеуіне, есте сақтаудың нашарлауына, ұйқының бұзылуы мен шаршап-шалдығуға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдай жүйкеге шамадан тыс жүктеме түскенін білдіреді. Ересектер осыған көңіл бөліп, баланың оқшаулануына жол бермеуі тиіс. Емтиханның қорытындысы қандай болса да, жасөспірімді үнемі қолдап, ынталандырып отыру керек», – деді психолог Фатима Броева.
Оқи отырыңыз: Алматыда үш жыл ішінде жастарға арналған 11 орталық ашылды