Жаңа үлгі халықаралық стандартқа сай әзірленіп, сұрақтардың сапасы мен ғылыми нақтылығы күшеймек
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді түбегейлі жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары кезінде Educational Testing Service (ETS) компаниясының атқарушы директоры Амит Севакпен кездесті.
"Қазіргі таңда біздің ҰБТ-ның сапасын күрт өзгерту, мазмұнын толыққанды қарастыру жұмысы осы ең ірі, ең беделді тестология орталығымен бірге жүзеге аспақ. Келесі айда үлкен зерттеушілер делегациясы келеді. Яғни бірнеше жылдың ішінде ҰБТ-ның сапасы мен мазмұны айтарлықтай өзгереді, – деді Саясат Нұрбек.
Жаңа үлгі халықаралық стандартқа сай әзірленіп, сұрақтардың сапасы мен ғылыми нақтылығы күшеймек.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсонов институтының басшылығымен жолықты. Министр Саясат Нұрбектің сөзінше, "Болашақ" бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдар, тарихшылар, антропологтар мен мәдениеттанушылар Смитсонов институтында арнайы тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.
Оқи отырыңыз: Жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам педагог курстан өтеді