Ұлттық Экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұған дейін берілген уәделердің орындалмағанын мойындады
Елде авиаотынға қосымша құн салығы қайта енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Еске салсақ, бұған дейін бұл жеңілдік әуе билеттерінің құнын арзандату мақсатында қолданылған болатын. Сол кезде билік 1қаңтардан бастап баға төмендейді деп уәде берген. Алайда депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, іс жүзінде керісінше жағдай күрделеніп, билеттер қымбаттап кеткен. Сөзінше, әуе компаниялары авиаотын үшін бұрын төленіп келген қомақты қаражатты өздерінде қалдырады. Бұл сома билет бағасының шамамен 60–70 пайызына тең деді. Ал Ұлттық Экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұған дейін берілген уәделердің орындалмағанын мойындап, аталған салықтық жеңілдікті алып тастау туралы бастама көтерілуі мүмкін екенін айтты.
«Расында, авиаотынға қатысты қосылған құн салығы нормасын алғандағы негізгі мақсаттардың бірі – билет бағасын төмендету.Жауапты салалық мемлекеттік орган негіз ретінде ұсынған. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде қандай да бір жеңілдік алғысы келген тарап оны бейінді мемлекеттік орган арқылы өткізеді. Бұл мәселені бақылауға аламыз. Бұл жеңілдікті алып тастау туралы бастама көтеруге және бюджетті қалыптастыру кезінде қосымша кіріс көздерін қайтаруға негіз болуы мүмкін», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қабылдады