Есту қабілетінен айырылған өнерпаз тігіншілік саланы да жақсы меңгерген
Атырауда әуенді естімесе де, мың бұрала билеп, талайды тамсандырып жүрген ерекше қажеттілігі бар биші тұрады. Қаракөз Мұрат қазақ өнерін әлемдік додаларда көрсетіп, көптің көзайымына айналып үлгерген. Бүгінде ол өзге елдің оннан аса биін жатқа біледі. Соның арқасында халықаралық байқаулардан жеңіссіз қайтпайды. Есту қабілетінен айырылған өнерпаз тігіншілік саланы да жақсы меңгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
25 жастағы Қаракөз 5 жасынан бимен айналысады. Оның бұл салаға келуіне ұстазы себепкер болыпты. Есту қабілеті нашар жан қазақ өнерін әлемдік сахналарда таныстырып жүр. Ол музыка мен қимылды жүрекпен сезінеді. Ерекше талантымен танылған биші қазан айында өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жатыр. Өнерпаздың биге деген талғамы да жоғары.
«Мен әр биді билей бермеймін. Егер тарихы терең, мағынасы мол болса, жүрегіммен түсініп, жанымды салып үйренемін. Репертуарымда 10 түрлі би бар. Өзге есту қабілеті нашар жандар менен мотивация алып, өзін дамытса екен деймін», – деді биші Қаракөз Мұрат.
Ерекше қажеттілігі бар биші сахналық образды да өзі дайындайды. Бұл - Қаракөздің өнердегі тағы бір қыры. Сондықтан ол әр киімін үлкен махаббатпен тігеді.
«Кішкентайымнан тігін тігіп үйрендім. Мектеп бітірген соң тігінші мамандығына оқуға түстім. Исатай ағай маған түрлі бас киім мен көйлек тігуді үйретті. Бүкіл сахналық образымды өзім жасаймын. Қазір 10 шақты көйлегім бар. Той көйлектерімді де өзім тіктім», – деді биші Қаракөз Мұрат.
Атыраудағы «Шаттық» би ансамблінде Қаракөз сияқты есту қабілетінен айырылған 15 қыз бар. Оларға тәжірибелі ұстаз Исатай Елеусін жетекшілік етеді. Ол «биші қыздар музыканы естімесе де, жүрекпен билейді» дейді. Бірақ оны үйрету де оңай емес.
«Би ансамбльінің мақсаты – есту қабілеті нашар жастарды қоғамға бейімдеу, үйрету, олардың ешкімнен кем емес екенін ұғындыру. Қазақстанның өнерін Өзбекстан елінде паш еттік.Шетелдік қазылар алқасы «Бұл қыз жүрекпен тек қол қимыл қозғалысы жасап тұрған жоқ, біздерге бірдеме айтқысы келеді, жүрекпен сезіндіргісі келеді» деп жоғары баға берді», – деді Қ. Мұраттың би өнерінен жетекшісі Исатай Елеусін
Болашаққа деген мақсат көп. Шәкірт пен ұстаз алдағы уақытта есту қабілеті нашар жандарға арналған театр ашуды жоспарлап жүр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Сән әлемін мойындатқан жігіт әскерде борышын өтеп жүр