Олар жерасты суларынан зардап шегіп отыр
Түркістан облысында тұрғындар жерасты суларынан зардап шегіп отыр. Жетісай ауданындағы 30-ға жуық елдімекенде үйлер ылғал тартып, іргетасы сөгіліп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салдарынан, тұрғындар баспаналарын тастап, жаппай көшуге мәжбүр. Ең күрделі жағдай – мыңнан аса халық тұратын Сәкен Сейфуллин ауылында екен. Мұнда кейбір үйлер тұруға мүлде жарамсыз күйге жетіпті.
Зейнеткер Ақмарал Жанбаеваның үйі қазір құлауға шақ тұр. Қанша рет жөндеу жүргізгенімен, ылғал тартқан қабырғалары үгітіліп жатыр. Қауіпті баспанада тұру мүмкін болмаған соң, балалары қалаға көшіп кетіпті.
«Жөндеуге келмейді, құлап жатыр. Бір жерін түртсең, екінші жағы құлайды. Газ кіргізгеніменен, жылу құбырын жүргізе алмай отырмыз», - деді С. Сейфуллин ауылының тұрғыны Ақмарал Жанбаева.
Бұрын бұл ауылда жеміс ағаштары жайқалып, бау-бақша өнетін. Қазір жағдай керісінше. Дренаждар істен шыққан соң ылғалдан ағаш та қурап қалған. Жастар да ауылдан үдере көшкен. Салдарынан мектепте оқушы азайып, балабақшалар жабылыпты.
«Есігіміздің алдында жеміс ағаштары жайқалып тұратын, балаларға көкөніс егілетін. Қазір қурап кетеді. Жастардың 40 проценті көшіп кетті», - деді С. Сейфуллин ауылының тұрғыны Өтеулі Аралбайұлы.
Тұрғындардың айтуынша, бұл - салғырттықтың салдары. Отыз жыл қараусыз қалған дренаждар бүгінде тот басып, істен шыққан. Жауаптылар мәселені шешу үшін 43 тік дренаж қажет дейді. Алайда ол үшін бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс.
«Жетісай ауданында 43 дана тік дренаж құрылысын жүргізу үшін қазіргі таңда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобаларға сараптаманың оң қорытындысы алынып болған соң, құрылысына аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынамыз», деді Жетісай аудандық ТҮКШ, Тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрдәулет Ікімат
Қаржының қашан бөлінетіні беймәлім. Жоба мақұлданғанша, ылғал жеген баспаналардың шыдас беруі екіталай. Сондықтан жетісайлықтардың үйлерін тастап, көшуден басқа амалы жоқ.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Ұлытауда келіншек бірге тұратын азаматтың қолынан қаза тапты