Жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен екі лауазымды тұлға ұсталды
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство мәліметінше, биыл тамызда прокуратураның үйлестіруімен Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары мен Ақмола облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясы басшысының орынбасары ұсталды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар рұқсат етілген салмақ нормасынан асатын жүктері бар көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған.
Сот санкциясымен аталған адамдар қамауға алынды. Қазір осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҰҚК мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Оқи отырыңыз: Депутаттар Құрылтай Регламентін қабылдады