Жаңа экономикалық саясат аясында Үкіметтің рөлі де өзгереді
Үкімет 2029 жылға дейін елдің ішкі жалпы өнімін екі есеге арттырып, 450 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтың айтуынша, мақсатқа жету үшін елге құйылатын инвестиция көлемін айтарлықтай ұлғайту қажет. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 41 миллиард доллар болса, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 103 миллиард долларға дейін өсуі тиіс. Оның экономикадағы үлесі 14 пайыздан 23 пайызға дейін артады.
Жаңа экономикалық саясат аясында Үкіметтің рөлі де өзгереді. Енді мемлекет тек бақылаушы емес, ірі жобаларды ұйымдастырушы және серіктес ретінде қатысады. Яғни, мемлекеттік органдар мен «Бәйтерек» холдингіне қарасты даму институттары экспортқа бағытталған және өнімділігі жоғары өндірістерді қаржыландырып, жетекші шетелдік және отандық компанияларды тартады. Бұл тәсіл Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге шығарып, тұрақты өсімге жол ашпақ.
«Біздің басты мақсат – индустриялық саясат пен инвесторлармен жұмыс саясатын белсенді ету. Яғни, біз тек қолдау көрсетіп, жақсы жағдай жасап қоймай, бастама көтеруіміз керек. Проактивті экономикалық өсім аясында мемлекеттік компанияларда нақты функциялар енгізіледі. Олар ірі, табысты және жоғары өнімді экспортқа бағытталған жобаларды ұйымдастыру мен іске асыруға жауапты болады», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы бензин, дизель және автогаз бағалары қандай