Үкімет бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізеді

16.10.2025 19:51

Премьер-министр тиісті қадағалау жүргізуді тапсырды

Depositphotos.com

Биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізуді, сондай-ақ ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Мемлекет басшысының әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бойынша берген тапсырмаларына сәйкес барлық жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде.

Сонымен қатар электр энергиясы, жылу саласындағы тарифтердің де көтерілмеуін қадағалаудамыз. Жұмыс бірнеше бағытта жүргізілетін болады – бұл ішкі шығындарды оңтайландыру және көмірдің тұрақты бағасын, сондай-ақ теміржол тарифтерін қамтамасыз ету. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий жарияланады. Бұның барлығы Президенттің берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асады», - деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Оқи отырыңыз: Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатыр