Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты дер кезінде бастауды міндеттеді
Елдегі инженерлік желілердің тең жартысы тозған. Техникалық инфрақұрылым Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында көптеп ескірген. Бұл туралы бүгін Үкіметте есеп берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Премьер-министрге жылыту маусымы тұрақты өтті деп есеп берді. Оның айтуынша, былтыр жылу желілерін жөндеуге бөлінген қаржы 28 пайызға артқан, 148 миллиард теңгеге көбейген. Нәтижесінде біраз шаруа атқарылыпты.
«Электр стансаларында жөндеу кестесіне сәкес, 10 энергия блогына, 55 қазандыққа, 45 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. 21 мың километр электр беру желілері, 423 қосалқы станция жөнделді. 542 км жылу желісіне қайта құру және ауыстыру жүргізілді», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
Десе де салада мәселе бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, еліміздегі 137 мың шақырым инженерлік желінің 49 пайызы тозса, оның 67 мың шақырымын тез арада ауыстыру қажет. Ведомство басшысының айтуынша, егер ауыстырылмаса, технологиялық апаттың ауылы алыс емес. Мәселеден Президент те хабардар. Бұл ретте Үкіметке нақты міндет жүктеген. Министр Нағаспаев тапсырманы дер кезінде орындауға білек сыбана кіріскен сығайлы.
«Биыл республикалық бюджеттен су және су бұру жүйелерін салу және қайта жаңарту үшін 176 миллиард теңге қарастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілерді 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Осы тапсырманы орындау үшін «энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Аталған ұлттық жоба аясында шамамен 1 триллион теңге болатын 8 мың шақырым су және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Үкімет биыл жылу беру нысандарын жөндеуге 373 миллиард теңге жұмсамақ. Оған электр стансаларындағы 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина қалпына келтірмек. Ақша Үкіметтің резервінен бөлінген. Спикерлердің баяндамасын тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов өткен жылыту маусымы тұрақты өтті екен деп арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Қыстың қамын жазда ойлап, жөндеу жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, кей өңірлердің белгіленген уақыттан кешігіп қалуы әбден мүмкін. Үкімет басшысы «әкімдіктер әр нәрсені сылтауратпай, бұл жұмысты назарда ұстауы тиіс» деді.
«Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Маңғыстау облысында «МАЭК-тің» екінші жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу 10 сәуірден бері басталған жоқ. Арқалық жылу станциясындағы қазандық бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстарының қарқыны да тым баяу», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов,
«Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде толық көлемде орындалуға тиіс». Осылай деген Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты дер кезінде бастауды міндеттеп, нақты тапсырма жүктеді. Өз кезегінде Үкімет қажетті қолдау көрсете бермек. Биылдың өзінде Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жөндеуге резервтен 25 миллиард теңге бөлген. Үкімет басшысы қаражат барынша тиімді жұмсалып, Президенттің тапсырмасы уақытылы іске асуы керек екенін, орындалмаса, талап қатаң болатынын ескертті.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана