Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты
Париждегі Лувр мұражайы тоналғаннан кейін Қазақстан Үкіметі елдегі музейлерде қауіпсіздікті күшейтпек. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, өткен аптада ведомство өкілдері мұражайлардың жағдайын тексерген. Вице-министр республикадағы музейлердің қауіпсіздігі әртүрлі деңгейде қамтамасыз етілгенін жеткізді. Мәселен, ұлттық және мемлекеттік мұражайларды полиция қорғаса, қалғандары жергілікті атқарушы органдардың қарауында тұр. Санжар Әділов бастама елдегі барлық музейлер жаппай тексерілмейтінін айтты. Тек әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істемек.
«Біз келесі аптаның соңына дейін жұмысты аяқтап, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгіземіз. Қауіпсіздікті күшейту қажет екенін көріп отырмыз және жергілікті атқарушы органдарға мұражай мүлкіне қатысты заңсыз әрекеттердің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар береміз», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оқи отырыңыз: Астанадағы фельдшер өліміне қатысты екі қылмыстық іс қозғалды