Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын қымбаттатпауға уәде етті

19.11.2025 13:32

Оның айтуынша, халық ең жиі тұтынатын 29 түрлі тауар бар

Аlmaty.tv

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетінің бағасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, халық ең жиі тұтынатын 29 түрлі тауар бар.

«Жалпы, азық-түлік себетінде 160 тауар түрі бар. Қазір негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кірмейтін өнімдердің бағасы өсіп жатыр. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы көтеріліп жатқан жоқ. Биыл екі аптада – бар болғаны 0,1%-ға өзгерді. Меніңше, бұл тауарлардың бағасы өспейді, себебі біз оны бақылап отырмыз», – деп жауап берді вице-премьер.

Министрдің пайымдауынша, қазір қымбаттап жатқан – әлеуметтік маңызы жоқ өнімдер.

«Сауда үстемесін бақылауға мүмкіндік бар. Бірақ қазір қызанақ, қияр, ет сияқты маусымдық емес өнімдер қымбаттап жатыр. Сол сияқты қарақұмық бағасы қатты өсті. Қолдану ауқымы кең болмаса да, тауар ретінде бағасы айтарлықтай жоғарылап тұр», – деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бұған дейін министр қияр мен қызанақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енуі мүмкін екендігі туралы айтқан болатын.

Оқи отырыңыз: Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 15-тен аса елге экспортталады