Үкімет өңірлердің жылу маусымына дайындығын тексеруді бастады

21.08.2025 18:27

Семейдегі жылу көздері қысқы маусымға 86, Ақтауда 80 пайыз дайын

Семейдегі жылу көздері қысқы маусымға 86, Ақтауда 80 пайыз дайын. Үкімет өңірлердің жылу маусымына дайындығын тексеруді бастады. Жұмыс топтары энергетикалық инфрақұрылымы әбден тозған және апат қаупі жоғары облыстарға назар аударып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірлік инспекторлар алдымен ат басын Абай және Маңғыстау облыстарына бұрды. Премьер-министр Олжас Бектенов қыстың қамын жазда ойлап, өңірлердегі ахуалды көзбен көріп келу үшін кеңесшілерін аймақтарға аттандырды. Семейге барған Ермек Маржықпаев қаладағы бірнеше қазандықты аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Шаһар жылыту маусымына 86 пайыз дайын. 12 нысанда жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Облыс бойынша 23 энергия көзі мен 26 шақырым жылу желісі жөндеуден өтіп жатыр. Нәтижесінде құбырлардың тозуы 59 пайыздан 56 пайызға дейін төмендейді. Қазір аймақтағы барлық нысанның жылыту маусымына дайындығы шамамен 80 пайыздан асады.

«Орталық, Ғаббасов және АҚ-3 қазандықтарын аралап шықтық. Бұл – жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу жұмыстары. Қазіргі уақытта АҚ-3 нысанындағы қазандықтар жөнделіп жатыр. Кейбір сорғылар, құбырлар ауыстырылады. Бюджеттен 97 миллион теңге бөлінді. 15 қыркүйекте жұмыс түгел аяқталады», – деді «Теплокоммунэнерго» ШЖҚ КМК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Жандос Кәкібаев.

Ал Ералы Тоғжанов болса Ақтауға ат басын бұрды. Премьердің кеңесшісі алдымен «МАЭК» энергия кешенін жаңғырту жұмыстарымен танысып, энергия блоктары мен қазан агрегаттарында атқарылған істі тексерді. Жергілікті атқамінерлер «қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына 80 пайыз дайын» дейді. Шаһардағы жылу желілері де жаңартылып жатыр Қазір олардың орташа тозу деңгейі 79 пайыз. Биылғы жұмыс аяқталған соң көрсеткіш 75 процентке дейін төмендейтін көрінеді.

«Биыл 2025 жылы бірінші және төртінші жоба бойынша құбырлар ауыстырылып жатыр. Бүгінгі таңда 90 пайыз жұмыстар аяқталды. 15 қыркүйекке дейін жұмыстардың бәрін аяқтап, су жіберуді жоспарлап отырмыз», – деді «Алматыинжстрой» АҚ өндіріс бойынша директоры Сәкен Бердібаев. 

Жылыту маусымына дайындық Үкіметтің ерекше бақылауында. Өйткені, елдегі инженерлік желілердің орта есеппен 60 пайызы тозған. Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында мәселе өзекті. Президент те хабардар. Сондықтан Үкімет биыл жылу беру нысандарын жөндеуге 373 миллиард теңге бөлген.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: «Бәйтерек» экономиканың нақты секторын қолдауды күшейтеді