Үкімет тері мен жүнді кәдеге жаратпақ

17.02.2026 19:05

Таразда тері өңдейтін кәсіпорын бой көтереді

Үкімет инфляциямен күресу үшін отандық өндірісті дамытпақ. Вице-премьер Серік Жұманғарин елдегі қымбатшылыққа себеп болып отырған ең қажетті тауарлардың тапшылығын жоюға ерекше назар аударылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv 

Президенттің сынынан кейін Үкімет импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті дамытуды мықтап қолға алған сыңайлы. Премьер Бектенов нарықты тамақ өнімдерімен әлі күнге толық қамтамасыз ете алмай отырғанымызды жасырмайды. Осы тұста ол мемлекет кәсібін шағын цехтан бастайтын адамдарды қолдау керек дейді.

«Кәсіпкерлікпен айналысу ол әрине, кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. Бірақ осындай таланты бар адамдарды барынша қолдауымыз керек. Осындай кәсіпкер ол – әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшелеріне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкерлер әр өңірде бар. Оларға дұрыстап қолдау көрсетіңіздер»,– деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

 Экономиканың нақты секторын қолдау үшін 8 триллион теңге бөлінеді. Вице-премьер Серік Жұманғарин Олжас Бектеновке импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету үшін қаржылық қолдаудың жаңа механизмдері іске қосылады деп есеп берді. Сөзінше, шетелден тасымалданатын өнімдерді алмастыратын 36 тауардың тізімін жасап қойған. 

«Олардың қатарында ет, құс, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Үкімет тері мен жүнді кәдеге жаратпақ. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров былтыр Ақтөбеде жылына 2200 тонна жүн өңдейтін өндіріс іске қосылғанын айтты. Енді Таразда тері өңдейтін кәсіпорын бой көтереді. Сөзінше, сүт өңдеу саласында да серпін бар.

«Қазір елде 180 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылы бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Сонымен қатар 41 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде қосымша 165 мың тонна өңдеу қуаты енгізіледі», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қарағанды облысында көмірден жылына 2 миллиард текше метр газ өндіретін зауыт салынады. Серік Жұманғарин жобаға 2 миллиард долларды қытай компаниясы құятынын айтты. Сөзінше, алдағы уақытта газды шетелген жөнелтіп, көп табыс табуға болады. Баяндамашыларды мұқият тыңдаған Бектенов «бізге қарқынды экономикалық өсім керек» деп жауаптыларға экспорттық әлеуеті жоғары жаңа жобалардың тізімін жасауды тапсырды. 

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Біз талантты кәсіпкерлерді мемлекеттің тірегі ретінде қолдауға тиіспіз - Олжас Бектенов