Үкіметке берілген 10 күн: сарапшылар инвестицияға қатысты барлық норма мен ережелер ескіргенін айтып отыр

08.09.2025 21:05

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтардың маңызы зор екенін айтты

«Инвестиция қазір жетім баладай, бірнеше мекеменің қарауында жүріп, нақты жолын таба алмай отыр». Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы елге қаржы тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Инвестицияның басым бөлігі шикізатқа құйылып жатыр, ал бұл экономиканың өркендеуіне кедергі келтіреді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы бағдарлама дайындап, жүйені түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру Премьер-Министр Олжас Бектеновке жүктелді. Үкімет басшысы 10 күн ішінде нақты ұсыныстар енгізуі керек

 «Инвестиция – мемлекеттің дамуына, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына және соның салынуына, жалпы әлеуметтің әлеуетін арттыруға ерекше серпін беретін мәселе. Сондықтанда инвесторларға, шетелдік инвестицияға осындай талас тартыс күшейген кезеңде Президенттің арнайы комитет құруы мемлекетке дамуына тың қарқын береді деп сеніммен айтуға болады», – деді саяси сарапшы Жандар Асан.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймақтардың маңызы зор екенін айтты. Мемлекет басшысы оларды басқаруға жеке, тіпті шетелдік компанияларды тартуға болатынын айтты. Инвестиция тарту тек орталық органдардың емес, жергілікті биліктің де міндеті екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, инвесторларға ашық әрі цифрлы тетіктер жасалса ғана Қазақстан шетелдік қаржы үшін тартымды елге айналады.

 «Біздің инвестицияға қатысты барлық норма мен ережелеріміз бірнеше онжылдық бұрын қабылданған, сондықтан олардың көбі ескіріп қалған. Біз заманға сай, барынша цифрландырылған әрі ашық тетіктерді жасап шығаруымыз керек. Сонда ғана әлемнің түкпір-түкпіріндегі инвесторларды қызықтыра аламыз», – деді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Оқи отырыңыз: Жолдауда айтылған мәселе: энергетика саласындағы мамандар даярлау ісі қалай жүзеге асуда