Ұлт мұрасы – ұрпаққа аманат: Республика күні қарсаңында ағартушылардың көптомдық еңбегі таныстырылды

21.10.2026 20:46

Мақсат - Республика күнінің қарсаңында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің ағартушылық мұрасын жаңғырту

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысында ұлттық мереке – Республика күнінің қарсаңында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің ағартушылық мұрасын жаңғыртуға арналған көптомдық жинақтың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Мирас» сериясы аясында әзірленген 35 томдық еңбек балаларға арналған оқулықтардан, танымдық еңбектерден, аудармалардан құралған. Алғаш рет жарық көріп отырған бірегей жинақ білім беру, ғылымды дамыту және ұлттық сананы қалыптастыру жолында еңбек еткен қазақтың көрнекті тұлғаларының рухани мұрасын бүгінгі оқырманға таныстыруды көздейді.

Аймақ басшысы жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында қолға алынғанын

Жинаққа Тұрағұл Абайұлы, Спандияр Көбеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов және басқа да қазақ зиялыларының еңбектері енген. Кітаптар мазмұнына қарай «Жаратылыстану», «Әдеби аудармалар» және «Балаларға базарлық» деп аталатын іргелі үш бөлімге топтастырылған.

Бұл сол кездегі қазақ зиялыларының халықты ағарту, жұртты тәрбиелеу, қазақ балаларын әлемдік ғылым мен мәдениеттен сусындату мақсатындағы ұлтқа қызметінің өнегелі үлгісі. Сол заманда қандай маңызды болса, қазір де құндылығын жоймаған бірегей еңбек.

Тұңғыш рет бір жоба аясында жарық көрген тарихи еңбектер қазіргі оқырманның жас ерекшеліктеріне бейімделіп, сапалы иллюстрациялармен толықтырылған. Бұл кітаптардың мазмұнын балаларға түсінікті етіп жеткізуге және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Мазмұны терең, мән-маңызы зор жинақ облыстағы барлық мектептер мен колледждерге таратылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына арналған арт-инсталляция ашылады

Толық көрсету