Ұлт тарихының өшпейтін беті: Олжас Сүлейменов 90 жаста

18.05.2026 16:14

Оның есімін әлемге әйгілеген тарихи бастамалардың бірі – «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы 

18 мамырда ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек ері, қоғам қайраткері, дипломат әрі түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қазақ әдебиетін әлемге танытқан ақын 1936 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Геология саласында білім алғанымен, жүрек қалауы оны сөз өнеріне алып келді. Ол 1960 жылдары қазақ руханиятында алып кометадай жарқ етті. Себебі 1961 жылы жарық көрген «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы ақынды бірден әлемге танытты. Ғарыш туралы жырланған бұл шығармада адамзаттың ғылымға, болашаққа деген сенімі бейнеленді

«Олжас Сүлейменовтың үлкен бір іскерлігі, мемлекет, қоғам қайраткері ретінде атқарған еңбектерінің бірі – Жазушылар одағының бірінші басшысы болып отырған кезде,  Желтоқсан оқиғасынан зардап шеккен жастарды ақтауға араласуы», – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Орда

Олжас Сүлейменов қоғам қайраткері ретінде де ел тарихында айрықша із қалдырды. Ол тәуелсіздік жылдары елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты. Қазақстанның Италиядағы елшісі қызметін атқарып, халықаралық дипломатияда ел мүддесін қорғады. Алайда оның есімін әлемге әйгілеген тарихи бастамалардың бірі – «Невада – Семей» антиядролық қозғалысы болды. 1989 жылы Семей полигонының зардабын тоқтату мақсатында құрылған бұл қозғалыс миллиондаған адамның қолдауына ие болды.

«Олжасты білу – келер ұрпаққа ұлтының тарихын білуді, оны құрметтеуді, ұлтына қызмет еткен ұрпақты сыйлауды және ертеңгі күнге нені алып баруды үйретеді. Олжастың өмірі және творчествосы – әдебиетіміздің, тарихымыздың өшпейтін беті», – деді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

 Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Олжас Сүлейменовті мерейтойымен құттықтады